Қасым-Жомарт Тоқаев табиғи газды өңдеу және өнеркәсіптік газдар өндірісіне маманданған америкалық Air Products компаниясының бас атқарушы директоры Эдуардо Менезеспен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар аталған саладағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады.

Мемлекет басшысы АҚШ Қазақстанның негізгі экономикалық серіктестерінің бірі екенін атап өтіп, екіжақты өзара тиімді байланысты одан әрі кеңейтуге ниетті екенін жеткізді.

Өз кезегінде Эдуардо Менезес компанияның Қазақстан экономикасына инвестиция салу мүмкіндігін қарастырып отырғанын айтты. Оның сөзінше, Air Products газ өңдеу, газ химиясы және көмірді терең өңдеу бағыттарындағы жобаларға қызығушылық танытып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастаманы қолдап, Қазақстан тарапы қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін растады.

Air Products – АҚШ-тың ірі өнеркәсіптік компанияларының бірі. Ол өнеркәсіптік газдар өндірісі және газ өңдеу саласында әлемдік көшбасшылардың қатарында саналады.

Фото: akorda.kz