Астанада жазғы демалыс кезінде жасөспірімдер арасындағы есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу күшейтілді
Фото: Gov.kz
Елордада Полиция департаменті қалалық Білім басқармасымен бірлесіп, жазғы демалыс кезеңінде, кәмелетке толмағандар арасында есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алуға және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған кешенді профилактикалық жұмыстар жүргізіп жатыр, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Негізгі назар мектеп жанындағы лагерьлерге, сондай-ақ қалалық және жеке демалыс орталықтарындағы түсіндіру жұмыстарына аударылған.
Полиция қызметкерлері педагогтармен бірге балалар мен жасөспірімдерге арналған кездесулер өткізіп, есірткінің зияны мен оның адам денсаулығына тигізетін теріс әсері туралы қарапайым әрі түсінікті түрде ақпарат беруде.
Кездесулер барысында жасөспірімдерге құқық бұзушылықтың салдары, оның болашақ білім алуына, жұмысқа орналасуына және өмірлік мүмкіндіктеріне ықпалы түсіндіріледі.
Сонымен қатар, жазғы демалыс кезінде балалардың бос уақытын қауіпсіз әрі пайдалы өткізуіне ерекше көңіл бөлінуде.
Полицейлер оқушыларды спорттық, шығармашылық және танымдық шараларға белсенді қатысуға, салауатты өмір салтын ұстануға шақыруда.
«Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында ювеналды полиция инспекторларының қатысуымен рейдтер күшейтілмек. Бұл шаралар кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ересектерсіз жүруінің алдын алуға, сондай-ақ оларды есірткі тұтынуға немесе таратуға тарту әрекеттерін болдырмауға бағытталған.
Жазғы маусым аяқталғанға дейін профилактикалық жұмыстар елорданың барлық ауданында жалғасады. Шаралар мектеп жанындағы лагерьлер мен кәмелетке толмағандардың түрлі санаттарын толық қамтиды.
Сонымен қатар жастарға арналған спорттық және мәдени іс-шараларды өткізу жоспарланған.