Орал мен Цзиньчжоу бауырлас қалалар ретінде ресми белгіленді
Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласы мен Қытай Халық Республикасының Цзиньчжоу қаласы бауырлас қалалар атанды. Бұл мәртебелі мәртебеге қол қою Ляонин провинциясы мен Батыс Қазақстан облысы арасындағы ынтымақтастықты күшейтуге арналған халықаралық конференция аясында жүзеге асырылды.
Шэньян қаласында өткен ауқымды іс-шараға облыс әкімі Нариман Төреғалиев бастаған батысқазақстандық делегация қатысты. Жиында 50 мемлекеттің өкілдері бас қосып, Ляонин провинциясының индустриялық әлеуеті таныстырылды.

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев конференцияның жалпы отырысында өңіраралық ынтымақтастықты дамыту бойынша ұсыныстарын жеткізді.
«Батыс Қазақстан облысы — Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің Астана қаласында жариялаған «Бір белдеу — бір жол» бастамасының маңызды транзиттік торабы. Келіссөздер мен қолдаудың нәтижесінде қытайлық компаниялар сұйық метанол, цемент зауыттары, газтурбиналық және жел электр стансаларын салуға кірісті. Өзге де жоба-жоспарларымыз аз емес. Былтыр БҚО мен Қытай арасындағы тауар айналымы 1,5 есе өсіп, 175 млн АҚШ долларына жетті. Біз Ляонин провинциясымен инновациялық шешімдер, жасанды интеллект, өңдеу өнеркәсібі саласында инвестициялық байланыстарды одан әрі тереңдетуге дайынбыз».

Сонымен қатар, Ляонин провинциясына қарасты қалалар әлемнің 96 қаласымен бауырластық қатынас орнатқан. Бүгін осы қатарға Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласы да қосылды. Орал мен Цзиньчжоу қалаларының әкімшіліктері бауырластық қатынастар туралы ниеттестік хаттамасына қол қойып, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени және спорттық салаларда тұрақты байланыс орнатуға уағдаласты.
