Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесінде ғарыш саласының дамуын талқылады
Фото: akorda.kz
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Үкімет мүшелері ғарыш саласының қазіргі жағдайы, іске асырылып жатқан жобалар және даму перспективалары туралы есеп берді.
Мемлекет басшысы бұл саланың стратегиялық маңызын атап өтіп, спутниктік байланыс пен ғарыш инфрақұрылымының тұрақты әрі тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге ерекше назар аударды.
Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев экономика мен мемлекеттік басқаруда спутниктік жүйелерді кеңінен қолдану, ғарыш инфрақұрылымын дамыту және ғарыш деректеріне негізделген цифрлық шешімдерді енгізу бағытындағы жобалар туралы баяндады.

Фото: akorda.kz
Президенттің айтуынша, қазіргі таңда әлемдік ғарыш саласы түбегейлі өзгерістер кезеңін бастан өткеріп отыр. Бұрын тек ірі державалардың еншісінде болған сала бүгінде жеке компаниялардың белсенді қатысуымен байланыс, навигация, мониторинг және интернет қызметтері бағытында қарқынды дамуда.
Сонымен қатар отырыста ғарыш ғылымын дамыту, астрофизика саласындағы зерттеулерді қолдау және ұлттық инженерлік-технологиялық әлеуетті күшейту мәселелері қаралды. «Бәйтерек» бірлескен жобасының іске асырылу барысы оң бағаланды.
Мемлекет басшысы халықаралық ынтымақтастықтың маңызын атап өтіп, Ресей Федерациясымен және басқа да серіктес елдермен стратегиялық әріптестікті нығайтуды жалғастыру қажеттігін айтты. Сондай-ақ Байқоңыр кешені мен оған жақын аумақтардағы тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше назар аударылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке ғарыш саласын жаңғырту және оның әлеуетін мемлекет мүддесіне тиімді пайдалану жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.

Фото: akorda.kz