Елордада өзгенің мүлкін бүлдіру жағдайларын анықтау және алдын алу жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Құқық қорғау органдары қала инфрақұрылымына ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға және құқық бұзушылықтардың жолын кесуге ерекше назар аударып отыр, деп хабарлайды қалалық полиция департаменті.

Қаланың қоғамдық кеңістіктері бейнебақылау жүйесі арқылы тұрақты түрде бақыланады. Аялдама павильондарындағы камералардың басым бөлігі Жедел басқару орталығына қосылған, бұл вандализм деректерін жедел анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар тәртіп сақшылары тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қоғамдық тәртіпті сақтау қажеттігін ескертіп келеді.

Жыл басынан бері Астанада мүлікті бүлдірудің шамамен 80 жағдайы тіркелген. Көбіне аялдама павильондары, орындықтар, қоқыс жәшіктері, жарнамалық конструкциялар, бейнебақылау камералары мен лифт жабдықтары зардап шеккен.

Кей жағдайларда вандалдар аялдамалардың есіктерін сындырып, ішкі жабдықтарын бүлдірген немесе әйнектерін қиратып кеткен. Мұндай құқық бұзушылықтарға барған азаматтар жауапкершілікке тартылып, кейбіріне әкімшілік қамау жазасы тағайындалған.

Кәмелетке толмағандардың қатысуымен де бірқатар оқиға тіркелген. Бір жағдайда 9 жастағы бала шлагбаумға секіріп, оны зақымдаған, кейін келтірілген шығын ата-анасы тарапынан өтелген.

Құзырлы органдардың мәліметінше, вандализм жасаған тұлғалар келтірілген залалды өтейді және заңға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Кәмелетке толмағандар жасаған жағдайда жауапкершілік заңды өкілдеріне жүктеледі.

Полиция департаменті азаматтарды мұндай фактілерге бейжай қарамауға шақырып, вандализм жағдайлары байқалған кезде «102» нөміріне дереу хабар беруге кеңес береді.