Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Атлетико де Мадрид Қазақстан» халықаралық деңгейдегі футбол академиясының қызметімен танысты.

Мемлекет басшысы академияның 180 балаға арналған жатақханасын аралап көрді. Қазір мұнда Қазақстанның әр түкпірінен келген 116 бала жаттығады. Ойыншыларды испандық бапкерлер іріктеген, ал Қазақстанның барлық өңірінен 4 мыңнан астам бала байқаудан өткен. Академияда жас футболшылардың оқу үдерісін, жаттығулары мен жеке даярлығын қамтамасыз ету үшін барлық жағдай жасалған.

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаевқа академияны дамыту жоспары көрсетілді. Жоспарға жасанды көгалы екі ашық футбол алаңын, 500 орындық жабық манеж және әкімшілік-тұрмыстық кешеннің жаңа ғимаратын салу енгізілген. Академия орнын таңдау кезінде балаларды шыңдайтын табиғат факторлары да ескерілген: Алматы облысы, Талғар ауданының таза ауасы мен жағымды климаты бала ағзасының тез қалпына келуіне септігін тигізеді.

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Бұдан кейін Президент FIFA талаптарына сай жабындысы бар футбол алаңын көрді, сонымен қатар допты игеру техникасы мен испан әдістемесі бойынша командалық іс-қимыл дағдыларын пысықтаған жас футболшылардың жаттығуын тамашалады.

Мемлекет басшысы академиядағы өрендермен жылы әңгімелесіп, кездесу соңында футбол добына қолтаңба қалдырды.

Іс-шараға Испанияның Қазақстандағы елшісі Луис Франсиско Мартинес Монтес, «Атлетико Мадрид» футбол клубы директорлар кеңесінің мүшесі Давид Вилья және академия істері мен халықаралық даму жөніндегі директордың орынбасары Мария Тереса Кириви қатысты.

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz