Павлодар облысындағы Б.Ахметов атындағы жоғары педагогикалық колледждің арнайы пәндер оқытушысы Гүлмира Мешітбаева ETF New Learning Award 2026 халықаралық кәсіби байқауында INSPIRATION AWARD сыйлығын жеңіп алды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлады.

ETF New Learning Award — білім беру саласындағы озық тәжірибелерді анықтауға және таратуға бағытталған халықаралық бастама. Байқау әлемнің әртүрлі елдерінен келген педагогтарға тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

Гүлмира Мешітбаева байқауға «Бастауыш білім беру» мамандығы студенттерін даярлауда қолданылатын SCAFFOLD карталары бойынша тәжірибесін ұсынды. Бұл әдістеме студенттердің цифрлық технологияларды тиімді пайдалануына жол ашты. Нәтижесінде олар бейнематериалдар мен түрлі деңгейдегі тапсырмаларды қамтитын білім беру жобалары мен сайттарды әзірледі.

Аталған жобалар бастауыш сынып оқушыларын оқытуда заманауи тәсілдерді қолдануға көмектеседі. Сонымен қатар, педагогтерге әдістемелік қолдау көрсетіліп, ата-аналарға практикалық ұсынымдар ұсынылады.

Айта кету керек, SCAFFOLD технологиясы Қазақстанда DARYA SCAFFOLD пилоттық жобасы аясында енгізілген. Б.Ахметов атындағы жоғары педагогикалық колледж бұл жобаға 2024 жылдың қыркүйегінен бастап қатысып келеді. Колледж студенттері әдістемені оқу барысында меңгеріп, педагогикалық практика кезінде мектептерде қолданып жатыр.

Халықаралық сарапшылар қазақстандық педагогтің тәжірибесін жоғары бағалады. Нәтижесінде жұмыс «Scaffold құралдарын пайдалану арқылы мұғалімдердің мүмкіндіктерін кеңейту» номинациясында INSPIRATION AWARD сыйлығына лайық деп танылды.

Гүлмира Мешітбаеваға өз тәжірибесін Бельгияның Брюссель қаласында өтетін халықаралық конференцияда таныстыру мүмкіндігі берілді.