Құрметті отандастар!

Астана күні құтты болсын!

Астана – егемен мемлекетіміздің жүрегі іспетті. Елордамыз – Тәуелсіз Қазақстанның нышаны, жарқын келешекке ұмтылған халқымыздың жасампаз қуатының бастауы. Ұлтымыздың тағдырына тікелей ықпал ететін маңызды шешімдер дәл осы қалада қабылданады.

Бас қаламыз ауқымды тарихи бетбұрыстардың қозғаушы тетігіне айналды. Астана басқарудың сапалық жағынан түбегейлі жаңа жүйелері енгізілген «ақылды қала» деңгейіне көтерілді.

Сонымен қатар елордамызда саябақтар, гүлзарлар мен балалар алаңдары бой көтерді. Бұл игі істердің барлығы – Астана тұрғындары мен қала қонақтарының игілігі үшін атқарылып жатыр.

Елорда күні қарсаңында ұлт тарихындағы шешуші бетбұрысқа жол ашқан Халық Конституциясы заңды түрде күшіне енді. Оның терең символдық маңызы бар. Шындығында, бұл тарихи оқиға билік пен қоғамның негізгі институттарын жаңғырту жолындағы алғашқы қадам болып саналады.

Елорданың мәртебесі жайлы жаңа конституциялық заң Астананың саяси, әкімшілік, экономикалық һәм мәдени орталық ретіндегі маңызын арттырып, оның мемлекет дамуындағы ерекше рөлін айқындай түсті.

Бас шаһардың халықаралық деңгейдегі беделі де арта түсуде. Аймақтық және әлемдік саясаттың аса маңызды мәселелері бойынша шешімдердің Астанада қабылдануы – осының нақты айғағы.

Елордамыз жауапты азаматтық ұстанымға, «Заң мен Тәртіп», «Таза Қазақстан» қағидаттарына сүйенген жаңа қоғамдық этиканың жарқын үлгісі болуға тиіс.

Астана Әділетті Қазақстанды орнату жолында өнеге көрсете отырып, өркендей беретініне сенемін.

Құрметті астаналықтар, баршаңызға амандық пен табыс тілеймін!