Қазақстанда 2030 жылға қарай коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін 40%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Қалдықтарды басқару департаментінің директоры Руслан Түкенов Астанада өтіп жатқан «Жасыл энергия және қалдықтарды қайта өңдеу» (GEWR’26) X Еуразиялық бизнес-форумында мәлімдеді.

Оның айтуынша, 2013 жылы елімізде коммуналдық қалдықтардың небәрі 1%-ы ғана қайта өңделген. Ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 30%-ға жеткен.

Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде 2030 жылға қарай коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін 40 пайызға дейін жеткізу көзделіп отыр.

Руслан Түкеновтің мәліметінше, бүгінде еліміздің 123 қаласы мен ауданында қалдықтарды бөлек жинау жүйесі енгізілген. Сонымен қатар 87 елдімекенде қалдықтарды сұрыптау жұмыстары жүргізіледі.

Ол 2026–2030 жылдарға арналған қалдықтардың барлық түрін басқару тұжырымдамасы бекітілгенін атап өтті. Құжатта саланы дамытудың жаңа тәсілдері айқындалып, заңнаманы жетілдіру, инфрақұрылымды дамыту, инвестиция тарту және айналым экономикасы қағидаттарын енгізу көзделген.

Сондай-ақ тұжырымдама аясында Қалдықтарды басқару ұлттық орталығы құрылды. Бұдан бөлек, қалдықтарды түгендеу, мемлекеттік кадастрды жаңарту және саланы цифрландыру жұмыстары басталды.