Мақпал Жүнісова әлеуметтік желіде Шығыс Қазақстандағы полиция қызметкерлерінің өз көлігін тоқтатқан сәтіне қатысты пікір білдірді. Өнер иесі тексеріс кезінде құжат рәсімдеу ұзаққа созылғанына көңілі толмай, жағдайды бейнежазбаға түсіріп жариялаған.

Видеода әнші полиция қызметкерлерінің әрекетіне наразы екенін жеткізеді. “Өскемен полициясының жігіттері, рақмет. Міне, тұрмыз, қозғала алмай. Шығып сәлем бердік, жібере салса болады ғой. Бізді жібермей тұр. Қанша адам күтіп тұр. Әлі бірдеңені толтырып жатыр”, – дейді Жүнісова.

Сонымен қатар әнші өзіне ерекше назар аударылғанын меңзеп, мұндай жағдайда неге дәл өзіне талап күшейтілгенін сұрайды.

Аталған жағдайға Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, 3 мамыр күні Өскемен қаласында Бажов көшесінде Lexus LX 570 көлігі тоқтатылып, тексеру барысында алдыңғы бүйір терезелеріне қара түсті тонировка жапсырылғаны анықталған. Осыған байланысты жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Бұл оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Пікір білдірушілердің бір бөлігі әншіні қолдап, оған жеңілдік жасау керек еді деп есептесе, енді бірі заңның баршаға ортақ екенін айтып, полиция әрекетін дұрыс деп бағалаған.