Ұлттық дәстүрді дәріптеген «Дәстүр HUB» орталығы ашылды
Өскеменде Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Дәстүр HUB» шығармашылық кеңістігі ашылды. Іс-шара балалар мен жасөспірімдерге арналған арнайы кітапхана базасында ұйымдастырылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оқу мәдениетін дамыту мен оқырман ұлт қалыптастырудың маңызын үнемі атап өтеді. Кітап білім көзі ғана емес, ойлау қабілетін дамыту, дүниетанымды кеңейту және ақпаратты саралай білуге үйрететін маңызды құрал болып саналады.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов: «Ел ертеңі осы балалар. Ал кітапхана ел ертеңінің берік іргесін қалыптастыратын бірден-бір рухани орта. Бүгінгі мереке қарсаңында «Дәстүр HUB» шығармашылық кеңістігінің ашылуымен баршаңызды құттықтаймын. Жастарымыздың бас қосатын, ой жарыстыратын ортасы болары сөзсіз».
Шығыс Қазақстанда балалар мен жасөспірімдерге сапалы білім беруге ерекше көңіл бөлінеді. Олар сыни ойлауға, сұрақ қоюға, жауап іздеуге, ұлттық мәдениет пен дәстүрмен байланысын нығайтуға жағдай жасайтын ортада тәрбиеленеді.
Жаңа «Дәстүр HUB» орталығы бірнеше бағытты біріктіреді: кітап оқу, шығармашылық, ұлттық мұра және заманауи технологиялар. Кеңістіктің басты нышаны – қазақ халқының мәдениетін бейнелейтін киіз үй. Алайда ұлттық құндылықтар заманауи форматта ұсынылады. Мультимедиялық технологиялар, интерактивті шешімдер және жасанды интеллект элементтері арқылы келушілер қазақ халқының тарихы, салт-дәстүрі мен мәдениетін жаңа қырынан танып біле алады.
Киіз үйдің әр бөлшегінде өзіндік тарих бар. Арнайы QR-кодтар арқылы қонақтар ұлттық ою-өрнектердің мәнін, тұрмыстық бұйымдардың ерекшелігін және киіз үйдің символикасын бейнематериалдар арқылы тамашалай алады. Мұнда әдеби кездесулер, шығармашылық шеберлік сабақтары, білім бағдарламалары, ашық пікірталастар және балалар мен жасөспірімдерге арналған интерактивті іс-шаралар өткізу жоспарланған.
Сонымен қатар, «Дәстүр HUB» подкастар жазуға, бейнеконтент әзірлеуге, шығармашылық жобаларды іске асыруға, заманауи цифрлық технологиялардың көмегімен қазақ тілін үйренуге арналған алаң болмақ.
Ашылу күні кітапхана аумағы үлкен отбасылық мерекеге айналды. Қонақтарға «Көгалдағы оқу залы», «Алтын сақа» ұлттық ойындар алаңы, жас суретшілерге арналған шығармашылық аймақ, тақырыптық фотозоналар, шеберлік сабақтары, интерактивті алаңдар және «Картон қалашығы» ұсынылды.