Химиядан халықаралық олимпиада жүлдегері Аңсар Жақсылықов елдегі дарынды балаларға көрсетілетін қолдау туралы айтты
Қазақстандағы дарынды балаларға жасалған мүмкіндіктер мен мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың маңызы туралы ойымен бөлісті. Оның айтуынша, халықаралық деңгейдегі нәтижелерге жетуде біліммен қатар тәжірибе мен жүйелі дайындықтың да рөлі ерекше.
Аңсар Жақсылықов – химиядан халықаралық олимпиаданың (IChO) күміс медаль иегері. Ол қазіргі уақытта Spectrum international school мектебінің 12-сынып оқушысы.
Аңсардың айтуынша, оның ғылымға және олимпиадаға деген қызығушылығы мектеп қабырғасында қалыптасқан. Ол алғашқы жетістіктеріне ұстаздарының қолдауы мен бағыт-бағдарының арқасында қол жеткізгенін атап өтті.
«7-сыныпта «Білім-Инновация» лицейіне түскеннен кейін ұстазым Сұлтан ағайдың көмегімен химия олимпиадасының жүйесіне келген болатынмын. 8-сыныпта сол ұстазымның қолдауымен республикалық деңгейде алтын медаль иелендім. Одан кейін де бірнеше рет республикалық олимпиадаларға қатыстым. 10-сыныпта бірінші халықаралық олимпиадама қатысып, күміс медаль иелендім. Ал биыл тағы халықаралық додаға қатысып, күміс медаль алдым», – деді ол.
Халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап жүрген оқушы Қазақстанда олимпиада жеңімпаздарына көрсетілетін қаржылай қолдау ерекше ынталандыратынын айтты. Оның айтуынша, мұндай қолдау оқушылардың еңбегінің бағаланатынын көрсетіп қана қоймай, жаңа белестерді бағындыруға да жігер береді.
«Еліміздің олимпиада жеңімпаздарына беретін ақшалай қолдауы біз үшін үлкен көмек. Біздің мемлекет қаржылай көмегімен өзге мемлекеттерге қарағанда ерекшеленеді. Себебі көптеген мемлекет өз оқушыларына мұндай көмек көрсетпейді. Сондықтан мемлекетіміздің мұндай қолдауы біз үшін маңызды», – деді Аңсар.
Аңсардың пікірінше, олимпиададағы жетістіктің негізінде терең білім мен үздіксіз ізденіс жатыр. Сонымен қатар ол теориялық дайындықты тәжірибемен ұштастырудың маңызы зор екенін атап өтті.
«Олимпиада жолындағы ең маңыздысы – білім. Оны меңгеру жолында алынатын тәжірибенің де маңызы зор», – деді үздік оқушы.
Ол Қазақстанда дарынды балаларды қолдауға бағытталған жүйе жақсы жолға қойылғанын айтты. Аңсардың айтуынша, мұны халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп жүрген қазақстандық оқушылардың жетістіктерінен анық көруге болады.
«Қазақстандағы дарынды балаларды қолдау жүйесі үлкен деңгейде деп санаймын. Себебі химиядан ғана емес, басқа пән оқушылары да әлемде жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі орын алып, топ жарып жатыр», – деді ол.
Халықаралық олимпиаданың күміс жүлдегері сондай-ақ елімізде түрлі деңгейдегі олимпиаданың көп ұйымдастырылуы оқушылар үшін үлкен тәжірибе мектебі екенін жеткізді. Оның айтуынша, мұндай жарыстар жас таланттардың білімін шыңдап қана қоймай, халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
«Қазақстандағы әртүрлі олимпиаданың көп болуы тәжірибе жинауға ықпал етеді. Ал бұл өз кезегінде халықаралық деңгейде нәтиже көрсетуге көмектеседі деп санаймын», – деп түйіндеді Аңсар Жақсылықов.