Астанада отбасылық және жастар командалары арасында интеллектуалды Quiz ойыны өтті. Шара «Esirtkisiz Elorda – Дені сау ұрпақ» жобасы аясында және есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған кешенді жұмыс аясында ұйымдастырылды.

Қатысушылар тарих, мәдениет, ғылым және кинематография сынды түрлі салалар бойынша өз білімін, логикалық ойлау қабілеті мен таным көкжиегін сынады. Ойын барысында есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу және жауапты мінез-құлыққа байланысты сұрақтар да қамтылды.

Шараның ерекшелігі – оның отбасылық әрі командалық форматта өтуі. Бір үстел басына әртүрлі буын өкілдері жиналып, сұрақтарға бірге жауап беріп, өзге командалармен бақ сынасты.

«Меніңше, дәрістер, әрине, пайдалы. Бірақ кейде оның қызықты бола бермейтіні бар. Ал викторина сияқты жарыс форматы әлдеқайда қызық, өйткені командамен жұмыс істейсің, өзгелермен бәсекелесесің және жеңіске жетуге ұмтыласың. Сонымен қатар бұл – жаңа адамдармен танысып, достық қарым-қатынасты нығайтуға мүмкіндік», – деді Жанайым есімді қатысушы.

Оның айтуынша, мұндай іс-шаралар жастардың салауатты өмір салты мен ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыруға да мүмкіндік береді.

«Командамызбен дайындалдық. Әрине, жүлделі орынға ие болғымыз келеді. Бірақ ең бастысы – тәжірибе жинап, сұрақтарға жауап беру және мәдениет, тарих, есірткі қылмысының алдын алу туралы жаңа мәлімет білу. Кейін бұл білімімізді өзгелермен бөліскіміз келеді», – деп қосты қатысушы.

Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Әлия Қибатқызының айтуынша, Quiz профилактикалық жұмыстың жаңа форматына айналды.

«Жыл басынан бері елорда полицейлері есірткіге қарсы бағытта 400-ден астам профилактикалық іс-шара өткізді. Олардың қатарында түрлі акциялар, спорттық жарыстар, семинарлар, кездесулер мен дөңгелек үстелдер бар. Биыл алғаш рет Quiz ұйымдастырып отырмыз. Осы арқылы профилактикалық жұмысты жаңа деңгейге көтеруді көздейміз», – деді ол.

Оның айтуынша, мұндай іс-шаралардың негізгі мақсаты – тек есірткі қылмысына қарсы күресу емес, сонымен қатар есірткіге деген сұранысты азайту.

«Біз үшін отбасыларды, жастарды және түрлі ұжымдарды біріктіріп, салауатты өмір салтының заманауи әрі қызықты екенін көрсету маңызды. Жастардың талғамы әртүрлі: біріне дәріс ұнаса, екіншісіне спорт, ал үшіншісіне командалық интеллектуалды ойын жақын. Сондықтан әртүрлі форматты қолданып көріп жатырмыз», – деді полиция өкілі.

Ол жыл басынан бері Астанада есірткінің заңсыз айналымына байланысты 400-ден астам құқық бұзушылық анықталғанын хабарлады. Есірткі сатумен айналысқан адамдарға қатысты 250-ден астам қылмыстық іс қозғалған. Заңсыз айналымнан есірткінің әртүрлі түрінен 450 келіден астам зат тәркіленген. Оның ішінде 15 келісі – синтетикалық есірткі.

«Қазір жастарды есірткі ортасына тартуға әрекет жасайтындар аз емес. Сондықтан біздің міндетіміз – есірткі жеткізу арналарын тоқтатып, есірткі қылмыскерлерін анықтаумен ғана шектелмей, есірткіге деген сұранысты азайту бағытында да жұмыс істеу», – деп атап өтті Әлия Қибатқызы.

Шараны Астана қаласының Полиция департаменті Ішкі саясат басқармасы, Білім басқармасы және «Астана жастары» жастар ресурстық орталығымен бірлесіп ұйымдастырды.

Ойын қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен қатысушыларға бағалы және ақшалай сыйлықтар табысталды. Ұйымдастырушылар мұндай іс-шараларды алдағы уақытта да жалғастыруды жоспарлап отырғанын атап өтті.

Осылайша, елордадағы профилактикалық жұмыстар интерактивті форматтармен толықтырылып келеді. Мұндай бастамалар қауіпсіздік, салауатты өмір салты мен жауапкершілік мәселелерін қатар қозғап, жастарды, отбасыларды және әртүрлі буын өкілдерін бір арнаға тоғыстыруға мүмкіндік береді.