Ерлан Қошанов Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы болып сайланды
Фото: akorda.kz
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясына қатысты.

Фото: akorda.kz
Мемлекет басшысы Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы лауазымына Ерлан Қошановтың кандидатурасын ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл лауазымның конституциялық мәртебесі бар екенін атап өтіп, оған халық пен билік арасында дәнекер бола алатын, елге белгілі азамат келуі қажет екенін айтты.
– Бұл – конституциялық мәртебесі бар, беделді лауазым. Сондықтан бұл лауазымға елге белгілі, халық пен биліктің арасында дәнекер болатын азамат келуге тиіс деп санаймын. Осының бәрін ескере отырып, мен Ерлан Жақанұлы Қошановтың кандидатурасын ұсынамын.

Фото: akorda.kz
Мемлекет басшысы Ерлан Қошановтың мемлекеттік қызмет жүйесінде ұзақ жыл еңбек еткенін, Мәжіліс Төрағасы ретінде ауқымды реформаларды іске асыруға атсалысқанын атап өтті.
Президенттің айтуынша, Ерлан Қошанов Халық Кеңесінің Төрағасы ретінде қоғамдық келісімді нығайтуға үлес қоса алады.
– Бұл азаматты бәріңіз жақсы білесіздер, жауапкершілігі жоғары, білікті, тәжірибесі мол тұлға. Ол мемлекеттік қызмет жүйесінде ұзақ жыл еңбек етті, бұл жұмысты абыроймен атқарды. Мәжіліс Төрағасы ретінде ауқымды реформаларды іске асыруға белсене атсалысты. Енді Халық Кеңесі Төрағасы ретінде табысты жұмыс істеп, қоғамдық келісімді нығайтуға мол үлес қосатынына күмәнім жоқ.
Сонымен қатар Президент Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына кәсіби білігі жоғары, қоғамда беделі бар және отаншыл азаматтар енгенін айтты.
Мемлекет басшысы олардың қатарында жұртшылыққа белгілі тәжірибелі тұлғалар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер мен белсенді азаматтар бар екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев ауқымды реформалардың арқасында мемлекеттік басқару ісіне жаңа, жасампаз және озық ойлы азаматтардың келуіне жол ашылғанын жеткізді.
– Ел мүддесі үшін адал қызмет ету – зор мәртебе әрі қастерлі парыз. Осы орайда, сіздерге – Халық Кеңесінің әрбір мүшесіне ерекше жауапкершілік жүктеліп отыр. Сіздер ел игілігі үшін табанды еңбек етіп, мемлекеттігімізді нығайтуға зор үлес қосасыздар деп сенемін.
Президент Кеңес мүшелері қоғамдық келісім мен ел ішіндегі ынтымақты күшейту бағытында белсенді жұмыс істеуі қажет екенін айтты.
Дауыс беру қорытындысы бойынша Ерлан Қошанов Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы болып сайланды.
Қазақстан Халық Кеңесінің алдында тұрған міндеттерге Президент алғашқы сессияның негізгі отырысында кеңірек тоқталмақ.

Фото: akorda.kz


Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz


Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz