Астанада Халықаралық қарттар күніне орай жыл сайынғы «Қарттар – біздің қазынамыз» флешмобы өтті.

Іс-шараға елорданың Есіл ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының 100-ге жуық өкілі қатысты.

Флешмобты қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы Есіл ауданының әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл тек спорттық әрі бұқаралық іс-шара ғана емес, аға буын өкілдеріне құрмет көрсетудің маңызын еске салатын бастама.

Халықаралық қарттар күні 1 қазанда аталып өтеді. Дегенмен аға буын өкілдеріне көңіл бөлу, олардың белсенді өмір салтын ұстануына және қоғамдық өмірге араласуына қолдау көрсету белгілі бір күнмен ғана шектелмеуі керек.

Фото: Gov.kz

Спорттық және бұқаралық іс-шараларды өткізу бөлімінің басшысы Алмаз Қазбек флешмобтың негізгі мақсаты қарттарға құрмет көрсету екенін айтты.

– Іс-шара жыл сайын өткізіліп, Халықаралық қарттар күніне орай ұйымдастырылады. Оның басты мақсаты – аға буынға құрмет пен көңіл бөлуді көрсету, қарт адамдарға қамқорлық жасаудың маңызын атап өту. Аға буын өкілдерінің құрмет пен алғысқа лайық екенін көрсеткіміз келеді.

Бүгінде Есіл ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының өкілдері түрлі іс-шараларға белсенді қатысады.

Фото: Gov.kz

Спортпен шұғылдану, бірлескен жаттығулар, бұқаралық акциялар мен кездесулер аға буын өкілдеріне әлеуметтік белсенділігін сақтауға, жақсы көңіл-күй мен сергектікті қалыпта ұстауға және қала өмірінің бір бөлігі болып қалуға мүмкіндік береді.

Спорттық және бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының нұсқаушысы, Есіл ауданына жауапты Азамат Байылов флешмоб атауының мәніне тоқталды.

– «Қарттар – біздің қазынамыз» деген флешмобтың атауы оның негізгі мақсатын аңғартады. Қазақ қоғамында үлкендер әрдайым өмірден көргені мол, ақыл-тәжірибесі бар, отбасы мен ұлттық құндылықтарды кейінгі ұрпаққа жеткізетін аға буын ретінде құрметтеледі. Сондықтан мұндай кездесулер қарттардың бірге спортпен айналысуына ғана емес, араласуына, әңгімелесіп, тәжірибе бөлісуіне және әр буынның арасындағы байланысты нығайтуына мүмкіндік береді.

Музыка ырғағымен жаттығу жасаған аға буын өкілдері қимылдарды қуана қайталап, сергек әрі көтеріңкі көңіл-күйде екенін көрсетті.

Әсіресе би бөлімі іс-шараның ең көңілді сәттерінің біріне айналды. Қатысушылар мен көрермендер жақсы әсер алып, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.