Елорданың Алматы ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының мүшелері Президенттік орталыққа барды. Экскурсия аға буын өкілдеріне елорданың мәдени-тарихи маңызды нысандарының бірімен танысуға мүмкіндік берді.

Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының мәдени ұйымдастырушысы Бақытжан Төлеубаеваның айтуынша, мұндай іс-шаралар мен экскурсиялар аға буын өкілдеріне елорда туралы көбірек білуге және араласатын ортасын кеңейтуге мүмкіндік береді.

«Аға буын өкілдерінің барлығы бірдей қаланы әлі жақсы біле бермейді. Сондықтан біз Ұлттық музейге, ҚР Тұңғыш Президенті музейіне, Әскери музейге экскурсиялар ұйымдастырып, түрлі концерттерге бірге барамыз. Топтарға өзім үнемі жетекшілік етіп жүремін», – деді ол.

Экскурсия барысында қатысушылар Президенттік орталықтың залдары мен экспонаттарын тамашалап, ел тарихы мен мемлекеттің қалыптасу кезеңдері туралы ақпарат алды.

«Халқымыздың тарихын, мемлекетіміздің қалыптасу жолын тереңірек білу өте қызықты. Қатысушылардың көбі бұл орталыққа алғаш рет келіп отыр. Оларға өте ұнады. Алдағы уақытта залдар мен экспонаттарды егжей-тегжейлі аралап көру үшін орталыққа тағы да келуді жоспарлап отырмыз», – деді Бақытжан Төлеубаева.

Оның айтуынша, мәдени және тарихи нысандарға бару – Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмысының маңызды бағыттарының бірі.

Елорданың көрікті әрі тарихи орындарына ұйымдастырылатын экскурсиялар қатысушыларға Қазақстанның тарихы мен мәдениетімен танысып қана қоймай, белсенді өмір салтын ұстануға, өзара араласуға және қаланың қоғамдық өміріне араласуға мүмкіндік береді.