Астанада Халықаралық балаларды қорғау күніне орай республикалық және халықаралық олимпиадалардың, ғылыми жобалар конкурстары мен робототехника жарыстарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау мақсатында дәстүрлі «Елорда дарындары» салтанатты іс-шарасы өтті.

Фото: Gov.kz

Шара «TANYM» көпфункционалды кешенінде ұйымдастырылып, елорданың үздік зияткер оқушылары қатысып, өз жетістіктерін көрсетті. Іс-шараны Астана қаласының Білім басқармасы және «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы ұйымдастырды.

Биылғы жылы «Елорда дарындары» марапатына 171 талантты оқушы ие болды. Олардың қатарында республикалық және халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, ғылыми жобалар байқауларының үздіктері және робототехника саласында жоғары нәтижелерге қол жеткізген балалар бар.

Салтанатты жиында Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев жас дарындарды құттықтап, олардың жетістіктері еліміздің білім беру саласының дамуына қосқан маңызды үлес екенін атап өтті. Сонымен қатар, оқушылардың табыстары Қазақстанның халықаралық білім кеңістігіндегі беделін арттыруға ықпал етіп отырғанын жеткізді.

Іс-шара аясында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге алғыс хаттар мен ақшалай сертификаттар табысталды. Бұл марапаттар оқушылардың білім жолындағы табандылығы мен қажырлы еңбегінің нәтижесін айқындайды.

 

 

Фото: Gov.kz

Фото: Gov.kz

Фото: Gov.kz

Сонымен қатар, Қазақстанның «Үздік 100 олимпиадалық мектебі» тізіміне енген елордалық білім беру ұйымдарының директорларына да алғыс хаттар табысталды. Олардың қатарында «Нұр Орда» мектеп-лицейі, «Спектрум» халықаралық мектебі, Білім-инновация лицейлері, №17, №46 және №91 мектеп-гимназиялары, сондай-ақ Әбіш Кекілбаев атындағы BINOM мектебі бар.

Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан жан-жақты қолдаудың арқасында астаналық оқушылар халықаралық білім додаларында үлкен жетістікке жетіп, Қазақстанның абыройын әлемдік деңгейде асқақтатып келеді.