Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Гонконг Арнайы әкімшілік ауданының Басшысы Джон Лимен кездесу өткізді. Мәртебелі мейманға ілтипат білдіріп, Қазақстанға алғаш рет келіп отырғандықтан бұл сапардың маңызы ерекше екенін атап өтті.

«Бұл уақиға Қазақстан мен Гонконг, кеңінен алып қарағанда, мәңгі жан-жақты стратегиялық серіктестік байланыстыратын Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты дамытуға тың серпін береді. Елдеріміздің арасында жоғары деңгейдегі саяси диалог орнаған, сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастық қарқынды дамып келеді. Гонконгпен қарым-қатынасымыз туралы да дәл осылай айтуға болады», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент инвестиция, инновация, технология және халықаралық сауда салаларында әлеуеті зор Гонконг әлемде жетекші қаржы және іскерлік орталықтардың бірі екенін атап өтті. Ол бұл сапар өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға, іскерлік қарым-қатынасты кеңейтуге және инвестиция, қаржы, цифрландыру, жасанды интеллект, көлік-логистика бағыттарында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жол ашатынына сенімді екенін жеткізді.

Фото: akorda.kz

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Гонконгтан келген салмақты бизнес-делегацияға ризашылығын білдірді. Бұл делегация елімізбен ынтымақтастықты арттыруға үлкен қызығушылық танытып отыр.

Джон Ли қонақжайлық көрсеткені үшін алғыс айтып, Гонконг Қазақстанмен кешенді ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын екенін растады. «Аталған сапарға ерекше мән беремін. Менімен бірге келген делегациялардың ең ауқымдысы осы болды. Оның құрамына логистика, “жасыл” энергетика, тау-кен өнеркәсібі, инновация мен технология және білім беру салаларында еңбек ететін 75 ресми тұлға мен кәсіпкер енді», — деді ол.

Фото: akorda.kz

Гонконг Әкімшілігінің Басшысы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанда көтерілген «Бір белдеу, бір жол» бастамасы екі ел арасындағы берік әрі достық байланыстардың жарқын көрінісі екенін атап өтті. Оның айтуынша, Гонконг аталған бастаманы ілгерілетуге белсенді түрде атсалысып келеді және өңіраралық байланыстардың кеңеюі қалаға елеулі артықшылық береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Джон Ли екіжақты күн тәртібіндегі бірқатар нақты мәселені талқылап, сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі жандандыруға өзара мүдделі екенін растады.