Джеки Чан Бозжырадағы түсірілім кезінде Маңғыстау табиғатына тәнті болды
Әуе кемесінің трабында әлемдік кино жұлдызын Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қарсы алды.
Әлемге әйгілі актер, режиссер, продюсер әрі жекпе-жек өнерінің шебері Джеки Чан жаңа халықаралық «Құдайдың сауыт-сайманы 4: Соңғы шешім» (Armour of God: Ultimatum) көркем фильмінің түсіріліміне қатысу үшін Маңғыстау облысына келді.
Джеки Чан жылы қарсы алғаны үшін алғыс айтып, Маңғыстаудың табиғи ландшафттарының кино түсіруге айрықша қолайлы екенін және олардың болашақ фильмнің жарқын бөлігіне айналатынын атап өтті.

Маңғыстаудың ауқымды халықаралық киножобаның негізгі түсірілім алаңдарының бірі ретінде таңдалуы әлемдік киноиндустрияның Қазақстанның бірегей табиғи көріністеріне деген қызығушылығы артып келе жатқанын аңғартады. Фильмнің басты түсірілім орындарының бірі ретінде әлемге мәшһүр Бозжыра шатқалы таңдалған.
«Құдайдың сауыт-сайманы 4: Соңғы шешім» (Armour of God: Ultimatum) жобасы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асып жатыр. Фильм өндірісімен қазақстандық Sәlem Entertainment компаниясы айналысады.