Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәниге және оның әулетіне Әмір-Әке шейх Хамад бен Халифа Әл Тәнидің дүниеден озуына байланысты көңіл айту мақсатында Дохаға барды.

Президент қуатты әрі өркендеген Қатар Мемлекетін құруға шейх Хамадтың елеулі үлес қосқанын атап өтті.

«Ол көрнекті мемлекет қайраткері әрі қазақ халқының досы еді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысының айтуынша, қазақ-қатар қарым-қатынасының қалыптасып, табысты дамуына шейх Хамад бен Халифа Әл Тәни зор еңбек сіңірді. Ол Қазақстанға екі рет ресми сапармен келді. Әмірді 1999 жылғы сәуірдегі алғашқы сапары кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқы саясат ведомствосының басшысы қызметінде қарсы алған.

Мемлекет басшысы шейх Хамадтың қолдауымен Астанада тұңғыш еңселі әл-Фараби мешітінің бой көтергенін, сондай-ақ Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаның жүзеге асқанын ризашылықпен еске алды.

«Осындай қаралы сәтте Алла Тағаладан марқұмның жаны жәннатта болуын сұрап, дұға етеміз», – деді Қазақстан Президенті.

Фото: akorda.kz

Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни арнайы қолдауы үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылық білдіріп, бұл Қатар мен Қазақстан халықтарының бауырластық байланысының айрықша сипатын көрсететініне назар аударды.

Қатар тарапының бастамасымен мемлекеттер басшылары қазіргі халықаралық ахуал, оның ішінде Таяу Шығыстағы жағдай туралы пікір алмасты.

Президент Қатар Әмірін өзіне қолайлы уақытта Қазақстанға сапармен келуге шақыратынын растады. Шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни шақыруды ықыласпен қабыл алды.

Фото: akorda.kz