Дастан Мұхамедрахым Джо Хаттабтың Қазақстан туралы жаңа фильмін таныстырды
Тревел-блогер Дастан Мұхамедрахым (bydastann) әлемге танымал деректі фильм түсіруші Джо Хаттабтың Қазақстанға арналған жаңа фильмін таныстырды.
Деректі туынды блогерлердің Қазақстан бойынша бірге жасаған сапары барысында түсірілген. Сапар кезінде Дастан шетелдік қонаққа жол көрсетуші болды.
Фильмде Қазақстанның табиғаты мен заманауи келбеті кеңінен көрсетілген. Кадрлардан Іле Алатауындағы лаванда алқаптарын, Маңғыстаудың ерекше ғарыштық пейзаждарын және Астананың футуристік сәулетін көруге болады.
Блогердің айтуынша, фильмнің визуалды көріністері көрермендердің айрықша қызығушылығын оятқан. Деректі фильм жарияланғаннан кейін қысқа уақыт ішінде көп қаралым жинай бастаған.
Дастан Мұхамедрахым оқырмандарына Джо Хаттабтың Сальвадордағы түрмеде түсірген танымал фильмін де еске салды. Бұл видео шамамен 100 миллион қаралым жинап, 51 мыңнан астам пікір қалдырылған жұмыстардың біріне айналған. Блогер отандастарды фильмнің астына белсенді пікір қалдырып, челленджге қатысуға шақырды.
Бастамаға біздің көрермендер де белсене қосылып жатыр. Қызығушылық осылай жалғаса берсе, Қазақстан туралы фильм Джо Хаттабтың бұған дейінгі ең көп талқыланған жұмыстарынан да асып түсуі мүмкін.
Айта кетерлігі, Джо Хаттаб пен Дастан Мұхамедрахымның Қазақстан бойынша сапарына Instagram желісінде MegaAmerican атымен танымал тағы бір тревел-блогер де қатысты.