Астана қаласында мемлекетке қайтарылған қаражат есебінен қаржыландырылатын әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша Астана прокуратурасы мемлекетке қайтарылған қаражат есебінен жобаны жүзеге асырды.

Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадион — ондаған жыл бойы ұлттық спортты дамыту орталығы ретінде қызмет еткен елорданың айтулы спорт нысандарының бірі.

Кең ауқымды қайта құрудан кейін стадион заманауи әрі көпфункциялы нысанға айналды. Қазір ол халықаралық талаптарға сай келеді.

«Спорттық жарыстарды, жаттығу процестерін және жаппай іс-шараларды өткізу үшін қолайлы жағдайлар жасалды», — делінген хабарламада.

Айта кетерлігі, елордада жалпы құны 57 млрд теңгеден асатын 3 жоба жүзеге асырылып жатыр. Әлеуметтік маңызы бар нысандарды салу және сату барысы Астана прокуратурасының тұрақты бақылауында.