«Болашақ ойындары – 2026»: Астанада өтетін турнирде көрермендерді не күтіп тұр
Астанада ең ірі халықаралық спорттық турнирлердің бірі – «Болашақ ойындары – 2026» (Games of the Future 2026) додасы өтеді. Жарыстар 29 шілде мен 9 тамыз аралығында ұйымдастырылып, классикалық спорт пен цифрлық технологияларды ұштастыратын сайыстарға әлемнің түкпір-түкпірінен келген спортшыларды жинайды.
Турнир елорданың бірнеше ірі спорт нысанында өтеді. Негізгі жарыс алаңдары ретінде көпфункционалды «Барыс Арена» мұз сарайы, Beeline Arena ұлттық теннис орталығы, Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешені және Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы белгіленді.
12 күн бойы қатысушылар фиджитал-футбол, баскетбол, хоккей, жекпе-жек, бокс, би бағыттары, шутерлер, Battle Royale, MOBA, дрон жарысы, Battle Bots және жаңа форматтағы өзге де спорт түрлерінен бақ сынайды.
Болашақ ойындарының басты ерекшелігі – спортшылар алдымен виртуалды кеңістікте шеберлігін көрсетіп, кейін жарысты нақты спорт алаңында жалғастырады.
Турнирге әлемдік спорт пен киберспорттың танымал өкілдері қатысады. Олардың қатарында Team Spirit, T1, Team Falcons, Boca Juniors, Valencia Basket, LGD.Pinghu және NOVAQ командалары бар.
«Болашақ ойындары – 2026» жарысында Қазақстан атынан барлық сегіз дисциплина бойынша командалар мен спортшылар өнер көрсетеді. Жүлделер үшін ACF x Allur, UEL Team, GTB KZ, PBC Astana, Future Nomads, Rune Eaters, DIGA Esports, NOVAQ, TeamKZ командалары және спортшы Гүлназ Аманғали бақ сынайды.
Турнирге әлемнің әр елінен жүздеген спортшы мен мыңдаған жанкүйер келеді деп күтілуде. Осылайша Астана екі апта бойы фиджитал-спорттың әлемдік орталығына айналады.
«Болашақ ойындары – 2026» Қазақстан үшін жылдың ең ірі халықаралық оқиғаларының біріне айналмақ. Ауқымды турнир елорданың заманауи спорт инфрақұрылымын таныстырып қана қоймай, Қазақстанның әлемдік деңгейдегі ірі жарыстарды өткізу алаңы ретіндегі беделін нығайта түседі.
Көрермендерге турнирдің жеке күндеріне де, бірнеше жарыс күніне де билет сатып алу мүмкіндігі көзделген. Жарыс кестесімен танысып, өзін қызықтыратын дисциплиналарды таңдап, билеттерді Болашақ ойындарының ресми сайтынан алуға болады.