Астананың 50 мектебінде болашақ ұстаздарды даярлайтын педагогикалық сыныптар жұмыс істейді
Фото: Gov.kz
Астана қаласындағы 50 мектепте мұғалім мамандығына қызығушылық танытатын оқушыларға арналған педагогикалық сыныптар жұмыс істейді. Жоба 2024 жылдан бастап «Баршаға қолжетімді сапалы білім» атты Ұлттық баяндама аясында жүзеге асырылып келеді.
Бастама Астана халықаралық университеті, Еуразиялық гуманитарлық институты және Астана халықаралық университетінің Жоғары педагогикалық колледжімен бірлесіп іске асырылуда. Жобаның негізгі мақсаты – оқушылардың педагог мамандығын саналы таңдауына жағдай жасап, білім беру саласына болашақ білікті кадрларды даярлау.
Биыл жоба аясында 9–11-сыныптардың 400-ден астам оқушысы жоғары оқу орындарының профессорлары өткізген дәрістерге, тренингтерге және шеберлік сыныптарына қатысты. Сонымен қатар «iTeacher» ІІІ жастар педагогикалық форумы, «Педагогикалық апгрейд – 2026» IV өңірлік форумы және «Кәсіби старт» қалалық слеті ұйымдастырылды.
Жобаға қатысушылар үшін серіктес жоғары оқу орындарының педагогикалық мамандықтарына түсу кезінде арнайы емтиханнан босату мүмкіндігі көзделген.
Жоба басталғалы бері мектептердегі педагогикалық сыныптардан тәжірибеден өткен 150-ден астам түлек педагогикалық мамандықтар бойынша жоғары оқу орындарына оқуға түсті. Ал 2025–2026 оқу жылының қорытындысы бойынша 200-ден астам түлек педагогикалық бағыттағы жоғары оқу орындарына түседі деп жоспарланып отыр.
«Педагогикалық сынып» жобасы педагог мамандығының беделін арттырып, елорданың білім беру жүйесін жас әрі білікті мамандармен толықтыруға бағытталған маңызды бастама саналады.