Батыс Қазақстан делегациясы Қытайдағы мұнай-химия өндірісіндегі инновациялық технологиялармен танысты
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев бастаған делегация Ляонин провинциясына жұмыс сапары аясында Цзиньчжоу қаласына барды. 2 мың жылдан астам тарихы бар қала Бохай шығанағының маңында орналасып, стратегиялық маңызды портты орталық ретінде құрлық пен теңіз қатынастарына ықпал ететін халықаралық сауда хабы болып отыр.
Делегация өндірістік кәсіпорындарды аралап, заманауи технологиялармен танысты. Екіжақты ынтымақтастық аясындағы алғашқы кездесу PetroChina Jinzhou Petrochemical Company зауытында өтті.
Компанияның атқарушы директоры Юань Цинбинь зауыт тарихы мен өндірістік әлеуетін таныстырды. Жылдық табысы 30 млрд юаньнан асатын кәсіпорында 6 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді. Отын-химия кешені электромобиль батареялары мен болат балқыту пештеріне қажет жоғары төзімді көміртекті материал өндіру көлемі бойынша әлемде көш бастап тұр. Сонымен қатар, компания смартфондар мен компьютер чиптерін тазалауға арналған G3 және G5 класты электронды техникалық спирт шығарып, Қытайдың жоғары технологиялық өнеркәсібінің импортқа тәуелділігін азайтты. Өндіріс процесіне енгізілген цифрлық шешімдер арқылы зауыт толық автоматтандырылған.

Облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов аймақтың инвестициялық әлеуетін таныстырып, экономиканы әртараптандырудың маңыздылығына тоқталды.
«Биылғы төрт айда негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 182,6 млрд теңгені құрады, бұл 2025 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 17 пайызға көп. Көрсеткіштерді одан әрі жақсартуға әлеуетіміз толық жетеді. Батыс Қазақстан облысы Қытайдың бес провинциясымен тығыз байланыс орнатты. Күні кеше облыс орталығы мен Цзиньчжоу бауырлас қалалар атанды. Бұл қадам екіжақты ынтымақтастық пен іскерлік байланысқа тың серпін береді,» – деді Тілепберген Каюпов.
Кездесу қорытындысы бойынша екі тарап алдағы уақытта бірлескен жобаларды іске асыруға және әріптестікті кеңейтуге уағдаласты.
