Астанада Халықаралық өркениеттер диалогы күніне арналған E-LIGHT 2026 халықаралық жастар форум-фестивалі ұйымдастырылды. Іс-шараға 150-ден астам делегат қатысты.

Форум энергетика, технология, білім беру және жастар саясаты саласындағы сарапшыларды, мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, бизнес және жастар қауымдастықтарының өкілдерін бір алаңға жинады.

E-LIGHT 2026 фестивалін CNPC Central Asia Ltd. компаниясы ұйымдастырды, ал CNPC Kazakhstan бірлесіп өткізді. Іс-шара Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің және Қытай сауда палатасының қолдауымен өтті.

Форумның басты мақсаты – Қытай мен Орталық Азия елдерінің жастар арасындағы ынтымақтастықты нығайту, энергетика саласының болашағы, цифрлық технологиялар, кадр даярлау және тұрақты даму мәселелерін талқылау.

Фестиваль аясында «Энергетикалық Жібек жолының іздері» көрмесі ұйымдастырылып, Қазақстан мен Қытай арасындағы энергетикалық ынтымақтастықтың негізгі кезеңдері, инфрақұрылымдық жобалар және заманауи технологиялық шешімдер таныстырылды. Қатысушылар панельдік пікірталастарға қатысып, халықаралық сарапшылардың баяндамаларын тыңдады және жастар бастамаларын талқылады.

CNPC Central Asia компаниясы бас директорының орынбасары Гао Бин форумның мақсатын былай сипаттады: «Жастар форумын өткізудегі негізгі мақсат – әртүрлі елдер мен өңірлердің жастары арасындағы ынтымақтастық пен өзара байланысты нығайту. Бұл алаң жастарға өзекті мәселелерді бірге талқылап, ортақ мүдделер мен қажеттіліктерді анықтауға мүмкіндік береді. Біз жастарды жігерлендіріп, олардың жан-жақты дамуына ықпал етуді көздейміз».

Форум барысында Қазақстан мен Қытай арасындағы энергетикалық әріптестіктің қазіргі жағдайы мен болашағы, жаңартылатын энергия көздері, цифрландыру, инновациялар және адами капиталды дамыту мәселелері жан-жақты қаралды.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының міндетін атқарушы Біржан Әлімжанов E-LIGHT 2026 фестивалі Халықаралық өркениеттер диалогы күнімен қатар өтуінің символдық мәнін атап өтті.

«Қазақстан үшін өркениеттер диалогы ерекше маңызды. Ғасырлар бойы біздің жеріміз түрлі мәдениеттер мен өркениеттер тоғысқан мекен болды. Ұлы Жібек жолы тек сауда бағыты ғана емес, білім мен идеялардың алмасу алаңы қызметін атқарды. Бүгінде сол миссия жаңа мазмұнға ие болып отыр. Қазіргі Жібек жолының басты құндылықтары – білім, технология, инновация және адами капитал», – деді ол.

Әлімжановтың айтуынша, Қазақстан жастар саясаты саласында Қытаймен және басқа да халықаралық серіктестермен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі. Қазіргі уақытта тараптар 2027 жылы бірлескен семинарлар өткізуді жоспарлап отыр.

Форум қорытындысында қатысушылар жастардың халықаралық ынтымақтастығын кеңейту, кәсіби тәжірибе алмасу және энергетика саласындағы жаңа буын мамандарын қолдау мәселелерін талқылады. Ұйымдастырушылардың пікірінше, E-LIGHT 2026 фестивалі энергетика, технология және мәдениет салаларындағы халықаралық серіктестікті нығайтып қана қоймай, Қытай мен Орталық Азия жастары арасындағы тұрақты диалогтың жаңа алаңына айналады.