«ҚазМұнайГаз» орталық аппаратында қызметкерлердің 10 пайызы қысқарды
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының орталық аппаратында оңтайландыру аясында 47 қызметкер қысқартылды.
Бұл туралы үкіметте өткен брифингте ұлттық компанияның басқарма төрағасы Асхат Хасенов мәлімдеді.
Компания басшысының айтуынша, оңтайландыруға орталық аппарат қызметкерлерінің 10 пайызы ілінген.
«10 пайыз – бұл 47 адам», – деп нақтылады Асхат Хасенов журналистердің сұрағына жауап беру барысында.
Журналистер қысқартуға ұшыраған қызметкерлер үшін әлеуметтік қолдау шаралары көзделген-көзделмегенін, сондай-ақ өтемақы төлемдеріне қанша қаржы бөлінгенін сұрады.
Бұған жауап ретінде «ҚазМұнайГаз» басшысы барлық рәсімнің қолданыстағы заңнамаға сай жүргізіліп жатқанын жеткізді.
«Барлығы еңбек заңнамасы мен нақты еңбек шарттары аясында атқарылып жатыр», – деді Хасенов.