Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде енгізілген “Алтын виза” бағдарламасы арқылы шетелдік мамандар мен инвесторларға берілетін жеңілдіктер туралы айтты. Мемлекет басшысы бұл бастама Қазақстанды тартымды аймақтық хабқа айналдыру және инвестиция тарту мақсатында қолға алынғанын атап өтті.

Президенттің айтуынша, жаңа визаның иелері елде ұзақ уақыт тұру мүмкіндігіне ие болып, артық бюрократиялық рәсімдерден босатылады. “Алтын виза иегерлері Қазақстанда ұзақ мерзім резидент бола алады, оларға әкімшілік кедергілер азайтылады және айтарлықтай салықтық жеңілдіктер қарастырылады”, – деді.

Сондай-ақ бұл бағдарлама тек визаның өзімен шектелмей, оның иелерінің отбасына да қатысты. “Бағдарлама қатысушылары мен олардың отбасы мүшелері Қазақстан азаматтарымен тең дәрежеде білім алу және медициналық қызметтерді пайдалану мүмкіндігіне ие болады”, – деді Президент.

Бұған дейін Аида Балаева аталған визаның енгізілуі туралы хабарлап, оның негізгі мақсаты – жоғары білікті кадрлар мен инвесторларды тарту екенін айтқан. Оның сөзінше, әсіресе инженерия, IT, медицина, өндіріс және инфрақұрылым салаларына басымдық беріледі.

Жаңа жүйе шетелдік мамандарға Қазақстанда жұмыс істеу мен заңдастырылу процесін жеңілдетіп, инвесторларға тұрақты әрі қолайлы жағдай ұсынуға бағытталған.