Тоқаев Qarmet зауытында болды: кәсіпорын биыл 4 млн тонна болат өндіруді жоспарлап отыр
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Qarmet компаниясының конвертер цехын аралап, болат өндірісінің технологиялық үдерістерімен және кәсіпорынды жаңғырту жұмыстарының нәтижелерімен танысты.
Мемлекет басшысына металлургиялық комбинаттың негізгі өндірістік буындарының бірі саналатын конвертер цехының жұмысы таныстырылды.
Атап айтқанда, Президентке домна пешінде балқытылған шойынның болатқа айналу үдерісі, одан кейін металдың үздіксіз құю қондырғысына жіберіліп, әрі қарай илемдеу кезеңінен өтетіні көрсетілді.
Компания 2024 жылы №1 және №2 конвертерлерге күрделі жөндеу жүргізіп, олардың корпустарын толық ауыстырған. Сондай-ақ бұрынғы жабдықтардың орнына заманауи конструкциялар орнатылған.

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz
Жаңғырту жұмыстары өндірілетін өнім түрлерін кеңейтуге, болат қорыту көлемін арттыруға және жабдықтардың сенімділігін күшейтуге бағытталған.
Сонымен қатар кәсіпорында бірқатар технологиялық үдерісті табиғи газға көшіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Qarmet директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев Президентке компанияның өндірістік көрсеткіштері мен инвестициялық бағдарламаларының жүзеге асырылу барысы туралы баяндады.
Компанияның жоспарына сәйкес, 2026 жылдың қорытындысы бойынша 4 миллион тонна болат, 3,6 миллион тонна көмір және 3,9 миллион тонна темір рудасы концентратын өндіру көзделіп отыр.
Кәсіпорынның қазіргі компания ретінде жұмысы басталғаннан бері тартылған инвестиция көлемі 2,7 миллиард АҚШ долларынан асқан.
Бұл қаражат өндірістік қуаттарды жаңғыртуға, қолданыстағы жабдықтарды жаңартуға және жаңа өнеркәсіптік нысандар салуға бағытталған.
Qarmet – Қазақстандағы толық өндірістік циклге ие ірі тау-кен металлургия компанияларының бірі. Кәсіпорынның көмір және темір рудасы кеніштері, сондай-ақ жеке энергетикалық базасы бар.
Компания Орталық Азиядағы интеграцияланған тау-кен металлургия кешендерінің бірі саналады.
Қазіргі уақытта Qarmet кәсіпорындарында шамамен 35 мың адам еңбек етеді. Оның ішінде 14 мыңнан астам қызметкер Теміртау қаласындағы металлургия комбинатында жұмыс істейді.
Компания жүзеге асырып жатқан инвестициялық бағдарламалар өндірістік қуаттарды арттыруға, технологиялық үдерістерді жетілдіруге және металлургия кешенінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.

Фото: akorda.kz


Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz