Алматы қаласы мен Алматы облысындағы электр желілерінде қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында экшн-камералар қолданылып жатыр. Қазіргі уақытта «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ пайдаланатын мұндай құрылғылардың саны 268-ге жетті.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, жаңа технологиялар энергетикалық инфрақұрылым нысандарында еңбек қауіпсіздігін арттыруға, өндірістік жарақаттанудың алдын алуға және жұмыс барысында қауіп-қатерлерді уақтылы анықтауға бағытталған.

Компания экшн-камераларды алғаш рет 2024 жылы пилоттық жоба аясында пайдалана бастаған. Бастаманың нәтижесінде құрылғылар саны кезең-кезеңімен ұлғайтылып, бүгінде 268-ге жеткен.

Қазіргі уақытта Алматы қаласы мен Алматы облысындағы электр желілері аудандарының барлық жедел-көшпелі бригадалары ақылды каскалармен жабдықталған. Ал шеберлер бригадаларын осындай құрылғылармен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасып жатыр.

Ақылды каскаларға орнатылған камералар электр желілеріндегі жұмыстардың орындалуын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.

Атап айтқанда, электр желілері аудандарының басшылары, диспетчерлер және еңбекті қорғау мамандары қызметкерлердің қауіпсіздік талаптарын сақтауын қадағалап, ықтимал қауіпті жағдайларды жедел анықтай алады.

Қауіпсіздік ережелерінің бұзылуы немесе қызметкерлердің өміріне қатер төндіретін жағдайлар анықталған кезде жауапты мамандар жұмысты тоқтатуды талап ете алады.

Сонымен қатар камераларға жазылған бейнематериалдар тұрақты түрде талданып отырады. Тексеру барысында анықталған бұзушылықтар бойынша қызметкерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қосымша қауіпсіздік нұсқамалары беріледі.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, экшн-камераларды қолдану өндірістік үдерістерді бақылаудың тиімділігін арттырып, еңбекті қорғау талаптарының орындалуын қадағалауға мүмкіндік береді.

Мұндай технологияларды енгізу қауіпті жағдайларды ерте анықтауға, жазатайым оқиғалардың алдын алуға және энергетика саласындағы қызметкерлер үшін қауіпсіз еңбек жағдайларын қалыптастыруға бағытталған.