Қазақстанда энергетика саласының өндірістік және басқарушылық үдерістеріне жасанды интеллект енгізуге арналған «Energy AI Kazakhstan» тұжырымдамасы таныстырылды. Жаңа бастама отын тапшылығын алдын ала болжауға, өндірістік қауіпсіздікті бақылауға және энергетикалық нысандардың жұмысын цифрлық технологиялар арқылы басқаруға бағытталған.

Бұл мәселе Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің төрағалығымен өткен жұмыс кеңесінде талқыланды.

Жиынға 01.AI компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы, Қазақстан Президентінің штаттан тыс кеңесшісі, доктор Кай-Фу Ли онлайн форматта қатысты. Сондай-ақ кездесуге Q.AI компаниясының Қазақстандағы өкілдері қатысты.

Кеңес барысында энергетика саласында жасанды интеллект технологияларын қолдануға арналған бірыңғай цифрлық орта қалыптастыру мүмкіндіктері қарастырылды.

Кай-Фу Ли энергетика саласына жасанды интеллект енгізу бойынша компанияның технологиялық тәсілдерін таныстырды. Қатысушылар ұсынылған платформаның архитектурасын, функционалдық мүмкіндіктерін және оны Энергетика министрлігі мен ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметінде пайдалану жолдарын талқылады.

Жоба аясында отын тапшылығының ықтимал тәуекелдерін алдын ала анықтау, есептілікті дайындау мен тексеруді автоматтандыру және өнеркәсіптік қауіпсіздікке мониторинг жүргізу құралдарын енгізу ұсынылды.

Мұндай технологиялар салалық деректерді өңдеу жылдамдығын арттырып, басқарушылық шешімдерді нақты ақпарат негізінде қабылдауға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Кездесуде энергетикалық нысандардың цифрлық егіздерін пайдалану мәселесіне ерекше назар аударылды.

Цифрлық егіздер өндірістік үдерістерді виртуалды ортада модельдеуге, жабдықтардың техникалық жағдайын талдауға және ықтимал ақауларды алдын ала анықтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар бұл технологиялар нақты техникалық шешім қабылданғанға дейін түрлі сценарийлерді модельдеп, олардың өндіріс жұмысына ықпалын бағалауға көмектеседі.

Ұсынылған платформаның архитектурасы салалық білім базаларын, қолданыстағы ақпараттық жүйелерді және нақты міндеттерді орындауға арналған мамандандырылған жасанды интеллект агенттерін біріктіруді көздейді.

Тұжырымдамадағы негізгі бағыттардың бірі – Қазақстанның технологиялық және ақпараттық егемендігін қамтамасыз ету.

Осыған сәйкес, энергетика саласына қатысты деректерді, есептеу инфрақұрылымын және жасанды интеллект модельдерін Қазақстан аумағында, Энергетика министрлігінің бақылауымен орналастыру ұсынылып отыр.

Кеңес барысында «Energy AI Kazakhstan» бастамасын кезең-кезеңімен жүзеге асыру мүмкіндіктері де қаралды.

Алғашқы кезеңде нақты салалық деректер негізінде пилоттық сынақтар жүргізу, ұсынылған технологиялардың тиімділігін бағалау және олардың өндірістік міндеттерге сәйкестігін анықтау мәселелері талқыланды.

Сынақ нәтижелері оң болған жағдайда тиімділігі дәлелденген цифрлық шешімдерді энергетика саласында кеңінен қолдану мүмкіндігі қарастырылмақ.

«Energy AI Kazakhstan» тұжырымдамасы отын-энергетика кешенін цифрлық трансформациялауға, өндірістік тәуекелдерді басқаруды жетілдіруге және саланың жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталған.