Теміртауда 30 шақырым трамвай жолы жаңартылып, 8 жаңа вагон іске қосылды
Фото: akorda.kz
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Теміртау қаласында қалпына келтірілген трамвай қозғалысы жүйесімен танысты. Мемлекет басшысы Республика даңғылынан «Инженер» аялдамасына дейін трамваймен жүріп өтіп, жаңартылған көлік инфрақұрылымының жұмысын бағалады.
Qarmet компаниясы екі жыл бұрын трамвай қатынасын қала тұрғындарының игілігіне берген болатын. Осы уақыт ішінде қоғамдық көліктің бұл түрімен 1 миллионнан астам жолаушы тасымалданған.
Жоба аясында Теміртауда 30 шақырым трамвай жолы қалпына келтіріліп, жаңартылды. Сонымен қатар қала үшін заманауи 8 жаңа вагон сатып алынды.
Жүргізілген жұмыстар трамвай қозғалысының тұрақтылығын қамтамасыз етіп, қоғамдық көліктің белгіленген кестеге сәйкес қатынауына мүмкіндік берді.

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz
Жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында вагондарға электронды төлем жүйесі орнатылған. Ал Qarmet кәсіпорнының қызметкерлері мен ардагерлері трамвайда тегін жүре алады.
Президент «Qarmet» АҚ басшылығымен әңгімелесу барысында металлургтер қаласындағы трамвай қозғалысын қалпына келтірудің маңызын атап өтті.
– Шын мәнінде, Теміртау үшін трамвай – заманаларды байланыстыратын дәнекер іспеттес. Тұрғындардың трамвай қатынасын қалпына келтіру туралы талабын орындағаныңыз дұрыс болыпты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Теміртауды абаттандыру және қалалық инфрақұрылымды жаңғырту мәселесіне де тоқталды.
Президенттің айтуынша, Qarmet басшылығына металлургиялық комбинатпен қатар, қаланың жағдайын жақсартуға да назар аудару қажеттігі бұған дейін тапсырылған.
– Комбинатқа алғаш келгеніңізде Теміртау қаласын абаттандырумен міндетті түрде айналысу қажет деп айтқан едім. Өйткені қала күтім көрмей, тозып кетті. Әлі де атқарылатын жұмыс көп, дегенмен бастамасы жақсы, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев қала тұрғындарының табиғи газбен қамтамасыз етілгенін атап өтіп, Теміртауда жүзеге асырылып жатқан өзгерістерге оң баға берді.
Мемлекет басшысының сөзінше, тұрғындар қаланың жаңарып жатқанын байқап, жүргізілген жұмыстарға ризашылық білдіруде. Сонымен қатар металлургиялық комбинаттың еңбек ұжымындағы көңіл күйдің де жақсарғаны байқалады.
– Ең бастысы, жағымды үдеріс бар. Біз комбинатты міндетті түрде прогресс пен табыстың символына айналдырамыз, тіпті оны өркендетеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Теміртаудағы трамвай қозғалысын қалпына келтіру қаланың көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға, қоғамдық көлік қатынасын тұрақтандыруға және тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz