Қазақстанның ОАӨЭЫ елдерімен сауда айналымы 8,8 млрд долларға жетті
Қазақстанның Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы (ОАӨЭЫ) бағдарламасына қатысушы елдермен тауар айналымы 2025 жылдың қорытындысы бойынша 8,8 миллиард долларға жетіп, 14,4 пайызға өсті. Ал 2005 жылдан бері аталған мемлекеттерден Қазақстан экономикасына тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 30 миллиард доллардан асты.
Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Алматыда өткен Орталық Азиядағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі екінші Тянь-Шань форумының ашылуында мәлімдеді.
Вице-премьер өңірлік экономикалық ынтымақтастықты дамытудың негізгі бағыттарына тоқталып, өзара сауданы кеңейту, көлік-логистика байланыстарын нығайту және сапалы инвестициялар тартудың маңызын атап өтті.
– Біздің ортақ міндетіміз – сауда көлемін ұлғайтып қана қоймай, кедергілерді біртіндеп жою, сауда рәсімдерін жеңілдету, электрондық сауданы дамыту және кәсіпкерлердің көршілес мемлекеттер нарығына шығу мүмкіндігін кеңейту, – деді Серік Жұманғарин.
Оның айтуынша, өңір елдері арасындағы экономикалық байланысты нығайту үшін көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аудару қажет.
Қазіргі уақытта Қазақстан халықаралық көлік дәліздерінің өткізу қабілетін арттыру, теміржол және автомобиль жолдарын жаңғырту, сондай-ақ мультимодальды тасымалдарды дамыту бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.
Трансшекаралық жүк тасымалын жеделдету үшін көлік жүйелерінің өзара үйлесімділігін қамтамасыз ету, шекаралық рәсімдерді цифрландыру және жүктерді өткізу уақытын қысқарту маңызды екені айтылды.
Форумда инвестициялық ынтымақтастық мәселелері де талқыланды. Қазіргі уақытта Қазақстанның ОАӨЭЫ елдеріне салған инвестиция көлемі 4 миллиард доллардан асқан.

Сонымен қатар елімізде аталған мемлекеттерден келген 28 мыңнан астам кәсіпорын және 2,5 мыңнан астам бірлескен компания тіркелген.
Серік Жұманғариннің айтуынша, инвестиция көлемін арттырумен қатар, оның экономикалық тиімділігіне де назар аудару қажет.
Атап айтқанда, тартылған қаражат жаңа өндіріс орындарын ашуға, заманауи технологияларды енгізуге, еңбек өнімділігін арттыруға және қосылған құны жоғары өнім шығаруға бағытталуы тиіс.
Қазақстан көлік және логистика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, энергетика және цифрлық инфрақұрылым салаларында халықаралық қаржы институттарымен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі.
Бұдан бөлек, форум қатысушылары сауда мен логистиканы цифрландыру, климаттың өзгеруіне бейімделу және су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселелерін қарастырды.
Екінші Тянь-Шань форумы 2–3 қараша күндері Алматы қаласында «Орталық Азиядағы орнықты өзара байланыс пен сапалы инвестицияларды нығайту» тақырыбында өтуде.
Іс-шараны ОАӨЭЫ институты мен Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі Азия даму банкінің стратегиялық серіктестігімен ұйымдастырды.
Форумға өңір елдерінің үкіметтері, халықаралық қаржы институттары, даму ұйымдары, бизнес және сарапшылар қауымдастығы өкілдерін қоса алғанда, 400-ге жуық қатысушы жиналды.

Айта кетейік, алғашқы Тянь-Шань форумы 2025 жылғы 2–3 желтоқсанда Қытайдың Үрімші қаласында өткен болатын. Оған ОАӨЭЫ елдерінен, халықаралық ұйымдардан, қаржы институттары мен жеке сектордан 300-ден астам өкіл қатысты.
Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Грузия, Моңғолия және Пәкістанды біріктіреді.
Бағдарлама көлік, сауда, энергетика және басқа да салалардағы өңірлік ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
Форум аясындағы талқылаулар сауда кедергілерін азайтуға, халықаралық инвестициялық байланыстарды кеңейтуге және Орталық Азияның көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға арналған.