Астаналық гимнастар ел чемпионаты мен кубогында 11 алтын, 7 күміс және 5 қола медаль иеленді
Шымкент қаласында өткен көркем гимнастикадан Қазақстан Республикасының чемпионаты мен ел кубогында астаналық спортшылар 23 медаль жеңіп алды. Оның 11-і алтын, 7-еуі күміс және 5-еуі қола.
Республикалық жарысқа еліміздің 15 облысынан, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 400-ден астам спортшы қатысты. Гимнастар спорт шеберлері мен спорт шеберлігіне үміткерлер санаттарында жеке және топтық жаттығулар бойынша сынға түсті.
Қазақстан кубогында елордалық спортшылар 9 медаль иеленді. Оның 3-еуі алтын, 2-еуі күміс және 4-еуі қола.
Спорт шеберлігіне үміткерлер арасындағы топтық көпсайыста «Пантеры» командасы алтын жүлде жеңіп алса, «Самғау» командасы қола медальға қол жеткізді. Ал спорт шеберлері санатында «Фурор» командасы бірінші, «Золото» командасы үшінші орын иеленді.
Жеке көпсайыста спорт шеберлері арасында Айғаным Рысбек күміс, Дария Кушербаева қола жүлдегер атанды.
Спорт шеберлігіне үміткерлер арасында Анель Динишева алтын, Анна Рубцова күміс, Эвелина Белокурова қола медаль жеңіп алды.
Қазақстан чемпионатында да астаналық гимнастар жоғары нәтиже көрсетіп, 14 жүлделі орынға ие болды. Оның 8-і алтын, 5-еуі күміс және 1-еуі қола.
Топтық жаттығуларда «Пантеры» командасы бес доппен өнер көрсетуде алтын, бес таспамен жаттығуда күміс медаль иеленді.
Ал «Фурор» командасы бес доппен, сондай-ақ шығыршықтар мен шоқпарлар бағдарламасында екі алтын жүлдеге қол жеткізді.
Жеке жаттығуларда Айғаным Рысбек доппен өнер көрсетуде Қазақстан чемпионы атанды. Сонымен қатар ол шығыршықпен жаттығуда күміс, таспамен жаттығуда қола медаль жеңіп алды.
Дария Кушербаева таспамен, ал София Куряченко доппен жаттығуда күміс жүлдегер атанды.
Спорт шеберлігіне үміткерлер арасында Анель Динишева ерекше нәтиже көрсетті. Ол доппен, ұршықпен және таспамен жаттығуларда үш алтын медаль иеленіп, шығыршықпен өнер көрсетуде күміс жүлдеге қол жеткізді.
Сондай-ақ Анна Рубцова шығыршықпен жаттығуда үздік нәтиже көрсетіп, Қазақстан чемпионы атанды.
Осылайша, елордалық көркем гимнастика шеберлері Шымкентте өткен екі республикалық жарыстың қорытындысы бойынша 23 медаль жеңіп алып, Астана құрамасының қоржынына 11 алтын, 7 күміс және 5 қола жүлде қосты.
