Премьер-министр Олжас Бектенов, Павлодар облысындағы «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасының ағымдағы жай-күйі бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Жоба, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың V отырысы мен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысында қойған міндеттерін орындауға бағытталған.

Кеңесте, Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин жобаның ағымдағы кезеңі туралы баяндады. Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов инженерлік инфрақұрылымды дайындау мәселелеріне тоқталды.

Екібастұздағы құрылыс алаңында геодезиялық жұмыстар аяқталған, инженерлік-геологиялық ізденістер жүргізілуде, болашақ модульдік блоктарға арналған шұңқырлар әзірленіп жатыр. Құрылыс техникасы мен мамандар жұмылдырылған. Жобаның толық құрылыс циклі 2026 жылдың маусым айында басталады.

Кеңес барысында, электр энергетикасы, деректерді сақтау және өңдеу, ақпараттық қауіпсіздік салаларындағы халықаралық тәжірибелер мен технологиялық талаптар қаралды.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі әлемдік технологиялық көшбасшылар мен жетекші халықаралық компаниялардың әлеуетті қатысушыларын жобаның пулына қосты.

Жоба шеңберінде, alem.ai халықаралық орталығы базасында жергілікті AI-экожүйе, зерттеу бастамалары, кадрлар даярлау және жасанды интеллект саласындағы стартаптарды қолдаудың бірлескен бағдарламалары дамытылады.

Жиын қорытындысы бойынша, Олжас Бектенов жауапты мемлекеттік органдар мен даму институттарына барлық бағыт бойынша жұмыс қарқынын арттыруды тапсырды. Нақты нәтижелер бір айдан кейін Премьер-министрге ұсынылады.