Қазақстан мен Қытай стратегиялық әріптестікті нығайту бағыттарын талқылады
Бейжіңде Қазақстан мен Қытайдың сыртқы саяси ведомстволары арасындағы кезекті саяси консультациялар өтті.
Келіссөздерді Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исағалиев пен Қытай Халық Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары деңгейіндегі министрдің көмекшісі Лю Бинь жүргізді.
Кездесу барысында жоғары және биік деңгейлерде қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысы қаралды.

Фото: Gov.kz
Сондай-ақ тараптар Қазақстан–Қытай стратегиялық әріптестігін одан әрі нығайтудың негізгі қадамдарын талқылады.
Қатысушылар екіжақты байланыстардың тұрақты оң серпінін атап өтті.
Сонымен қатар саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және басқа да салалардағы өзара іс-қимылдың кеңейіп келе жатқаны айтылды.
Келіссөздердің жеке бөлігі экономикалық күн тәртібіне арналды.
Қазақстан мен Қытай практикалық байланыстарды одан әрі кеңейтудің басым бағыттарын айқындады. Олардың қатарында индустриялық және инвестициялық жобалар, энергетика, транзит пен көлік, сондай-ақ инновациялар бар.
Тараптар халықаралық күн тәртібіндегі бірқатар негізгі мәселе бойынша ұстанымдарының жақындығын растады.
Сонымен қатар көпжақты құрылымдар аясында тығыз үйлестіруді жалғастыруға уағдаласты.