Астанадағы №101 мектеп тұрақты даму саласындағы халықаралық Zayed Sustainability Prize 2027 сыйлығының финалына өтті.

Биыл аталған сыйлыққа әлемнің 177 елінен 10 233 өтінім түскен. Қатысушылар тұрақты даму мен әлеуметтік маңызы бар бастамаларын түрлі санаттар бойынша ұсынды.

Елордадағы №101 мектеп «Еуропа және Орталық Азия» өңірі бойынша «Орта мектептер» санатындағы финалистер қатарына енді.

Мектеп халықаралық байқауға сыныптардағы ауа сапасын бақылауға арналған жасанды интеллект технологиялары қолданылатын жобасын ұсынған.

Жоба білім беру ұйымдарында оқушылар мен педагогтер үшін қолайлы әрі қауіпсіз оқу ортасын қалыптастыруға бағытталған.

Жасанды интеллект негізіндегі мониторинг жүйесі сыныптардағы ауа сапасының көрсеткіштерін бақылауға мүмкіндік береді.

Фото: Gov.kz

Финалист ретінде мектепке 25 мың АҚШ доллары көлемінде қаржылай қолдау қарастырылған. Ал байқау қорытындысы бойынша жеңімпаз атанған жағдайда жобаға 150 мың АҚШ доллары көлемінде қаржылай қолдау көрсетіледі.

Халықаралық сыйлықтың жеңімпаздары 2027 жылғы 12 қаңтарда Абу-Даби қаласында жарияланады.