ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Аризона университетінің президенті, доктор Суреш Гаримелламен кездесті.

Кездесу барысында білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамыту, Қазақстан үшін басым бағыттар бойынша бірлескен академиялық бағдарламаларды кеңейту, ғылыми зерттеулер жүргізу және технологиялар трансфері мәселелері талқыланды.

Аризона университеті Қазақстанның ғылыми-білім беру әлеуетін арттыру бағытында әріптестік орнатқан алғашқы шетелдік жоғары оқу орындарының бірі болды.

Бүгінде М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті мен Аризона университеті арасында стратегиялық серіктестік жолға қойылған. Бірлескен бағдарламалар бойынша 1,2 мыңнан аса студент білім алып жатыр. Биыл алғашқы түлектер оқуын тәмамдайды.

«Қазақстанның жаңа Конституциясы білім, ғылым және инновацияны мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыттары ретінде айқындайды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев адами капиталды дамытуды еліміздің басты басымдықтарының бірі ретінде белгіледі. Біз үздік халықаралық тәжірибелерді енгізіп, ғылыми-зерттеу ынтымақтастығын кеңейте отырып, өңірлік академиялық және зерттеу хабын қалыптастыратын боламыз», – деді Олжас Бектенов.

Аризона университетінің президенті Суреш Гаримелла Қозыбаев университетімен бірлескен жобаның табысты жүзеге асып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі – ғылыми зерттеулерді дамыту.

«Біз білім берудегі ынтымақтастық моделін Қозыбаев университетінде қолдандық, сол арқылы студенттердің көп санын қамти отырып, оны сіздің елдегі басқа да жоғары оқу орындарында кеңінен таратуға болатынын дәлелдедік. Өзіміз үшін үш негізгі басымдықты таңдадық, олар – студенттердің жетістігі, ғылыми зерттеулер және қоғамға қызмет ету мен жергілікті қауымдастықтардың дамуы», – деді Суреш Гаримелла.

Кездесу барысында ғылыми-зерттеу бағытындағы бірлескен жұмыстарға айрықша назар аударылды.

Қозыбаев университеті мен Аризона университеті су ресурстары, агрогеномика, биоинформатика, күкірт өңдеу, жасанды интеллект, цифрлық денсаулық сақтау және инклюзивті білім беру бағыттары бойынша жобаларды жүзеге асырып келеді.

Соның бірі – Солтүстік Қазақстан облысының су ресурстарына мониторинг жүргізу, тазарту және тиімді пайдалану жобасы.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығы дақылдарының геномдық селекциясы, Қазақстандағы бірегей жануарлар мен өсімдіктердің, оның ішінде Каспий итбалығы мен Грейг қызғалдағының генофондын сақтау бағытында зерттеулер жүргізілуде.

Бұдан бөлек, күкіртті қайта өңдеу технологияларын әзірлеу және жоғары қосылған құны бар өнім шығару бойынша бірлескен жоба іске асып жатыр.

Кездесу қорытындысында тараптар ынтымақтастықты одан әрі дамыту мен кадр даярлау сапасын арттырудың маңыздылығын атап өтті.