Астана қаласындағы №81 «Astana English School» халықаралық мектебінің 9-сынып оқушысы Амангелді Ерсұлтан жазғы демалысын ерекше гүлдер мен сирек өсімдіктерді күтіп-баптауға арнап өткізуде. Оқушы мектеп жылыжайында өсірілетін гүлдердің өсуін бақылап, оларды көбейту және сақтау жұмыстарын жүргізеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Мектепте экологиялық мәдениетті қалыптастыру және оқушылардың ғылыми қызығушылығын арттыру мақсатында арнайы өсімдіктер кабинеті ашылған. IAES STEM Greenhouse орталығында оқушылар гүлдер мен өсімдіктердің әртүрлі түрлерін өсіріп, олардың биологиялық ерекшеліктерін зерттейді. Кабинет заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіліп, өсімдіктерге қажетті жарық, температура және суару жүйелері қарастырылған.

Амангелді Ерсұлтан сирек кездесетін сәндік гүлдерді өсіруге ерекше қызығушылық танытады. Ол әр өсімдіктің күтім ерекшеліктерін зерттеп, өсу қарқынын бақылап отырады. Жазғы демалыс кезінде де оқушы мектеп жылыжайына келіп, гүлдердің жай-күйін тексеріп, күтім жасау жұмыстарын жалғастыруда.

«Өсімдіктерді өсіру – үлкен жауапкершілік. Әр гүлдің өзіне тән күтімі бар. Кейбіріне көбірек жарық қажет болса, енді бірі белгілі бір температурада ғана жақсы өседі. Осындай тәжірибелер арқылы біз табиғатты тереңірек түсінеміз», – дейді Ерсұлтан.

Жас зерттеушінің ғылымға деген қызығушылығы кездейсоқ емес. Ол – қазақтың белгілі ғалымы, биология ғылымдарының көрнекті өкілі Кәрім Мыңбаевтың ұрпағы. Ғалым атасының жолын үлгі тұтқан оқушы ғылыми-зерттеу жұмыстарына белсенді қатысып, жаратылыстану саласында ізденіп келеді.

Өткен жылы Ерсұлтан Ботаникалық бақтағы оранжереяларда болып, тропикалық өсімдіктер мен суккуленттердің сирек түрлерін зерттеді. Сонымен қатар халықаралық экологиялық семинарларға қатысып, шетелдік мамандармен тәжірибе алмасты.

Мектеп қабырғасында ашылған жылыжай кабинеті оқушыларға теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік беріп отыр.