Қазақстанда биылғы жылдың алғашқы бес айында заңсыз қару айналымына қарсы жүргізілген кешенді шаралардың нәтижесінде 1200-ден астам қару тәркіленді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомство мәліметінше, «Қару» және «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шаралары барысында қылмыстық айналымнан 18 автомат, 2 гранатаатқыш, 320-дан астам тапанша, 100-ден астам ойық ұңғылы қару және 700 тегіс ұңғылы мылтық алынған. Солардың ішінде Қаңтар оқиғасы кезінде жоғалған 120 қару да анықталған.

ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетовтің айтуынша, мамыр айында Алматы қаласы мен Алматы облысында тіркелмеген бірнеше қару тәркіленіп, олардың бір бөлігі Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған болып шыққан.

Сонымен қатар, 20 сәуірден бастап азаматтардан заңсыз сақталған атыс қаруы, оқ-дәрі және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсыру акциясы басталған. Қазіргі уақытқа дейін халық шамамен 750 қару және 4 мыңға жуық оқ-дәріні тапсырған. Ішкі істер министрлігі азаматтарды заңсыз қаруды тапсырып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге шақырып отыр.

Еске салсақ, бұған дейін полицейлер Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 1461 қаруды қайтарып алғанын хабарлаған болатын.