Астанада жүргізуші жасөспірімді қағып кетіп, оқиға орнынан қашып кетті
Астана қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, жол-көлік оқиғасы Toyota RAV4 автокөлігінің қатысуымен тіркелді.
Жаяу жүргіншілер өткелінде велосипедпен келе жатқан жасөспірімді көлік қағып, жүргізуші тоқтамай, оқиға орнынан кеткен. Әлеуметтік желілерде тараған видеода Сығанақ даңғылы мен Төле би көшесінің қиылысында балаға соққы жасалған сәт көрінеді. Кадрдан баланың жерге құлап, аяғындағы аяқ киімінің ұшып кеткені байқалады. Дегенмен жасөспірім ауыр жарақат алмаған сияқты, өйткені өздігінен орнынан тұрған.
Ведомство мәліметінше, жүргізуші бағдаршамның рұқсат етілген сигналы бойынша өткен жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Тергеу қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылданады, ал көлік коммуналдық айып тұрағына қойылды.