Астанада қыз балаларға арналған RoboTechnoGirls робототехника лагері жұмысын бастады
Фото: Gov.kz
Астанада қыздардың робототехникаға, жасанды интеллектке, инженерияға және заманауи технологияларға деген қызығушылығын арттыруды мақсат еткен RoboTechnoGirls 2026 жазғы білім беру лагері жұмысын бастады. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Жоба «Robotek» робототехника мектебі мен «Астана дарыны» дарынды балалар және талантты жастарды анықтау мен қолдау орталығының ұйымдастыруымен, TechnoWomen коммерциялық емес ұйымының қолдауымен жүзеге асып жатыр.
1 шілдеде лагердің алғашқы легінде 10–13 жас аралығындағы 35 оқушы қыз оқуын бастады. Жобаға деген қызығушылықтың жоғары болуына байланысты 13 шілдеден бастап екінші лек іске қосылады. Биылғы жазда RoboTechnoGirls лагеріне 50-ден астам қыз қатысады деп жоспарланып отыр.
Бес аптаға созылатын оқу бағдарламасы барысында қатысушылар робототехника мен бағдарламалау негіздерін меңгеріп, жасанды интеллект технологияларымен танысады. Бұған қоса, олар командалық жобалар әзірлеп, STEM саласындағы әйел мамандардың шеберлік сыныптары мен дәрістеріне қатысады. Бағдарлама аясында экскурсиялар, тәжірибелік сабақтар және қорытынды робототехника турнирі де ұйымдастырылады.
RoboTechnoGirls жобасы қатарынан үшінші жыл өткізіліп келеді. Бүгінде ол қыздардың технологиялық білімге деген ынтасын арттырып, инженерлік әрі цифрлық дағдыларын дамытуға, сондай-ақ болашақ мамандығын саналы таңдауға ықпал ететін маңызды білім беру алаңына айналды.