Астанада 29 шілде мен 9 тамыз аралығында «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық мультиспорттық турнирі өтеді. Бұл – цифрлық және дәстүрлі спорт түрлерін тоғыстыратын ауқымды халықаралық дода. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Турнир кезінде Астана инновациялық спорт түрлерінің орталығына айналады. Фиджитал формат цифрлық әлем мен оның нақты өмірдегі баламасын біріктіреді. Мәселен, команда әуелі баскетболдың цифрлық нұсқасында бақ сынап, кейін жарысты алаңда жалғастырады.

Турнир бағдарламасына сегіз фиджитал дисциплина енгізілген: фиджитал-шутер (Counter-Strike 2); компьютерлік MOBA (Dota 2); мобильді MOBA (Mobile Legends: Bang Bang); Battle Royale (PUBG: BATTLEGROUNDS); фиджитал-жекпе-жек (Fatal Fury: City of the Wolves); фиджитал-футбол (UFL); фиджитал-баскетбол (3on3 FreeStyle); фиджитал-билер (Just Dance).

Астанаға әлемнің 50-ден астам ұлтының басын қосатын халықаралық клубтардан 800-ден аса қатысушы келеді деп күтілуде. Оған қоса, елордаға жетекші технологиялық брендтер мен мыңдаған жанкүйер жиналмақ. Ұйымдастырушылардың болжамынша, 12 күнге созылатын турнирді кемінде 100 мың көрермен тамашалайды.

Жарыстар елорданың ірі спорт нысандарында – «Барыс Арена», Beeline Arena, Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешені және Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді.