Астанада студенттер кітап оқу мәдениеті туралы пікір алмасты
Фото: Gov.kz
Астанада «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында студенттермен кездесу өтті.
«Astana Polytechnic College»-де ұйымдастырылған іс-шараға «Кітап оқитын ұлт» жобалық кеңсесінің жұмыс тобы және 1-2 курс студенттері қатысты. Кездесуге 120-ға жуық студент жиналды.
Іс-шара барысында жастар кітап оқуға деген қызығушылық, сүйікті шығармалар мен авторлар, сондай-ақ кітап оқудың дүниетанымды кеңейту мен сыни әрі талдамалық ойлау қабілетін дамытудағы рөлі туралы пікір алмасты.

Фото: Gov.kz
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Студенттер өз ойларын ортаға салып, сұрақтар қойып, жеке тәжірибелерімен бөлісті.
Сонымен қатар электронды кітаптар, аудиокітаптар және цифрлық ресурстарды пайдалану секілді кітап оқудың заманауи мүмкіндіктері талқыланды.
Жобалық кеңсенің жұмыс тобы жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыруда мұндай еркін пікір алмасу алаңдарының маңызы зор екенін атап өтті.
Кітап оқу тек білім алудың ғана емес, адамның ой-өрісін кеңейтіп, өзін-өзі дамытуының тиімді құралы ретінде қарастырылды.
«Кітап оқитын ұлт» жобасы аясындағы жұмыс елорданың техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында жалғасады. Алдағы уақытта студенттермен тақырыптық кездесулер, пікірталастар және кітап оқуды насихаттауға бағытталған басқа да іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Фото: Gov.kz