Астанадағы «Барыс Аренада» 4-7 маусым аралығында Cirque du Soleil халықаралық шоуы OVO өтеді. Әлемдік тур аясында Қазақстанда 14 қойылым көрсетіледі.

OVO қойылымында 53 әртіс өнер көрсетеді, ал халықаралық құраманың жалпы саны шамамен 130 маманды құрайды, олар 25 елден келген. Топқа Бразилия, Канада, Франция, Қытай, Моңғолия және Ресей өкілдері кіреді. Сонымен қатар, әртістермен бірге техникалық мамандар, грим жасаушылар, жаттықтырушылар, массажистер, аспаздар және әкімшілік қызметкерлер жұмыс істейді.

OVO by Cirque du Soleil шоуының аға PR-менеджері Джени Малле (Janie Mallet) Қазақстан мен Астанаға сапары туралы:

«Біз дәстүрлі оркестрдің өнерін тыңдап, жергілікті тағамдар мен ұлттық тәттілерден дәм таттық. Мұнда қонақжай мәдениет қалыптасқан екен. Қаланы аралап көретін уақытымыз болды. Енді көрермендермен кездесуді асыға күтіп жүрміз».

OVO — Cirque du Soleil-дің жәндіктер әлемі мен тіршілік циклінің басталуы мен өзгерістерін бейнелейтін жұмбақ жұмыртқа туралы оқиғаға негізделген қойылымдардың бірі. Шоуда акробатикалық өнер, ерекше сценография және музыкалық сүйемелдеу үйлесім тауып көрсетіледі.