Астанада 360 градус дыбыс жүйесі бар жаңа концерт залы таныстырылды
Фото: Карла Нур
Астанада заманауи дыбыс технологияларымен жабдықталған көпфункциялы BIART Music Hall концерт залы таныстырылды. Жаңа кеңістік кәсіби концерттер, театр қойылымдары, шығармашылық жобалар және білім беру іс-шараларын өткізуге арналған.
4 қарашада өткен таныстырылым барысында қонақтарға BIART шығармашылық индустриялар мектебінің құрамына кіретін концерт залының техникалық мүмкіндіктері көрсетілді.
BIART Music Hall кеңістіктік Soundscape 360° дыбыс жүйесімен, кәсіби жарық жабдықтарымен және ауданы 60 шаршы метр болатын LED-экранмен жабдықталған.
Залдың басты ерекшелігі – оның әртүрлі форматтағы іс-шараларға бейімделуі. Сахнаның биіктігін реттеуге, ал телескопиялық трибуналардың көмегімен көрермендердің орналасу тәртібін өзгертуге болады.

Фото: Карла Нур
Бұл мүмкіндіктер шағын музыкалық кештерден бастап, ауқымды концерттер, театр қойылымдары, телевизиялық түсірілімдер мен іскерлік форумдар өткізуге жағдай жасайды.
BIART шығармашылық орталығының тарихы 2025 жылдан басталады. BI Group холдингінің 30 жылдығына орай компания акционерлері Астанада арнайы өнер орталығын құру туралы шешім қабылдаған.
Жоба аясында Сығанақ көшесінде жалпы ауданы шамамен 5 мың шаршы метр болатын жеке ғимарат салынды. Орталық BI Education білім беру экожүйесінің бір бөлігіне айналды.
BIART директоры, театр продюсері Олжас Ибраевтың айтуынша, жаңа залды жобалау кезінде басты мақсат өнер мен заманауи технологияларды бір кеңістікте біріктіру болған.

Фото: Карла Нур
– Біз екінші нұсқаны таңдадық. Мектебімізде оқитын балалардың алғашқы күндерден бастап кәсіби сахнада өнер көрсету мүмкіндігі болғанын қаладық, – деді Олжас Ибраев залдың көпфункциялы форматта жасалғанын түсіндіре отырып.
Оның сөзінше, мұндай кеңістік құру идеясы бірнеше жыл бұрын пайда болған. 2017–2018 жылдары «Қазақконцертте» жұмыс істеген кезінде халықаралық мюзиклдерді сахналауға қажетті техникалық жабдықтардың жеткіліксіздігі байқалған.
Кейін Лондондағы театр жобаларымен танысу барысында Олжас Ибраев кеңістіктік дыбыс технологияларының мүмкіндіктеріне назар аударған.
– BIART жобасын қолға алған кезде серіктестерімізбен бірге Soundscape 360° жүйесі бар зал құруды шештік. Осылайша көптен бергі идея шындыққа айналды, – деді ол.
Жаңа залға арналған жабдықтар Германияда өндірілген. Оларды Asimetri компаниясы жеткізген.
Театр саунд-дизайнері Михаил Соколиктің айтуынша, кеңістіктік дыбыс технологиясының басты мақсаты – көрерменді сахнадағы оқиғаның бір бөлігі ретінде сезіндіру.

Фото: Карла Нур
– Бұл дыбыс әлеміндегі 3D іспетті: көрермен өзін оқиғаның ішінде жүргендей сезінеді, – деді Михаил Соколик.
Таныстырылымға музыканттар, актерлер, шығармашылық индустрия өкілдері, іс-шара ұйымдастырушылары және білім беру саласының мамандары қатысты.
Қонақтар музыкалық шығармаларды тыңдап, сахна мен көрермен кеңістігін өзгерту мүмкіндіктерін бағалады.

Фото: Карла Нур
Радиожүргізуші Азамат Имашев кеңістіктік дыбыстың сапасы мен көрермендердің орналасу форматына ерекше назар аударды. Оның пікірінше, залдың техникалық мүмкіндіктері түрлі деңгейдегі концерттер мен шығармашылық жобаларды ұйымдастыруға жағдай жасайды.
Ал опера әншісі, контратенор және дирижер Батыржан Смақов BIART Music Hall алаңында Astana Sound 2026 халықаралық фестивалін өткізу тәжірибесімен бөлісті.
Оның айтуынша, сахнаның әмбебаптығы режиссерлер мен музыканттарға дәстүрлі концерт залдарының шеңберінен шығып, шығармашылық идеяларды еркін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
BIART Music Hall концерт алаңы ғана емес, балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық білім алу ортасының да бір бөлігі саналады.
BIART мектебі 2026 жылғы 1 наурызда ресми түрде ашылған. Мұнда музыка, хореография, актерлік шеберлік, театр және Digital Art бағыттары бойынша білім беріледі.
Оқушылар фортепиано, скрипка, флейта, домбыра және басқа да музыкалық аспаптарда ойнауды меңгереді. Сонымен қатар классикалық және заманауи би түрлерімен, соның ішінде K-pop, брейк-данс және диджеингпен айналыса алады.

Фото: Карла Нур

Фото: Карла Нур
Мектеп ғимаратында оқу және дайындық сыныптары, хореография залдары, дыбыс жазу және подкаст студиялары, грим бөлмелері мен бірлескен шығармашылық жұмысқа арналған кеңістіктер орналасқан.
Қазақстандық флейташы Жібек Сапарғалиева мектептің басты артықшылықтарының бірі балаларға жасалған жағдайлар екенін атап өтті.
Оның айтуынша, музыкамен енді айналыса бастаған оқушылар мектептің музыкалық аспаптарын пайдалана алады. Бұл ата-аналарға оқу басталған сәттен бастап қымбат аспап сатып алмауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар мектепте жеке вокалды-аспаптық топ құрылып, оқушылар алғашқы концерттерін өткізіп, шығармашылық байқауларға қатыса бастаған.
BIART Music Hall кәсіби сахнаны білім беру үдерісімен біріктіру арқылы жас өнерпаздарға алған білімін тәжірибеде қолдануға мүмкіндік береді.
Астананың Сығанақ көшесі, 17/41 мекенжайында орналасқан жаңа кеңістік алдағы уақытта концерттер, театр қойылымдары, шығармашылық фестивальдер, форумдар мен түрлі білім беру іс-шараларын өткізуге арналған алаң ретінде жұмысын жалғастырады.