Қазақстанда қуаты 1 ГВт болатын деректер орталықтары алқабы құрылмақ
Павлодар облысында жүзеге асырылып жатқан «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасының жалпы қуатын 2029 жылға қарай 1 ГВт-қа жеткізу жоспарланып отыр. Халықаралық KPMG компаниясының бағалауынша, жоба аясындағы жыл сайынғы әлеуетті экспорттық кіріс 3,1 миллиард АҚШ долларына жетуі мүмкін.

Премьер-министр Олжас Бектенов аталған жобаның жүзеге асырылу барысына арналған кеңес өткізді. Жиында құрылыс жұмыстары, цифрлық инфрақұрылымды кеңейту және шетелдік инвестициялар тарту мәселелері талқыланды.

Жоба Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың цифрлық экономиканы дамыту және Қазақстанның технологиялық әлеуетін арттыру жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылып жатыр.
Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев «ДӨО алқабының» еліміздің цифрлық экономикасын дамытудағы маңызын атап өтті.

KPMG бағалауынша, деректер орталықтарының 20 жылдық қызмет ету мерзімінде тартылуы мүмкін инвестициялардың жиынтық көлемі 115 миллиард долларға бағаланып отыр. Бұл көрсеткіштер жобаның болжамды экономикалық әлеуетін білдіреді.
Жобаның бірінші кезеңінде жалпы қуаты 304 МВт болатын үш деректерді өңдеу орталығын салу қарастырылған.
«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусиннің айтуынша, қуаты 68 МВт болатын алғашқы орталықтың құрылыс алаңында іргетас қалау, инженерлік инфрақұрылым мен әкімшілік ғимараттар салу жұмыстары басталған.

Бірінші деректер орталығын 2027 жылдың екінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар қуаты 164 МВт болатын Firebird AI деректер орталығының құрылысы жүргізілуде. Қазіргі уақытта қазаншұңқыр қазу жұмыстарының 70 пайызы аяқталған.
Жоба аясында есептеу қуаттарын кезең-кезеңімен арттыру және қажетті энергетикалық инфрақұрылымды дамыту көзделген. Екінші орталықты 2027 жылдың үшінші тоқсанында іске қосу жоспарланған.
Ал қуаты 72 МВт болатын үшінші деректер орталығының құрылысы 2027 жылдың төртінші тоқсанында аяқталып, пайдалануға берілуі тиіс.
Жобаның екінші кезеңінде қосымша есептеу қуаттарын орналастыру үшін халықаралық компаниялармен ынтымақтастық орнатылып жатыр.
Атап айтқанда, Gaw Capital, Boosteroid және Firebird компанияларымен жалпы қуаты 480 МВт болатын есептеу инфрақұрылымын орналастыру жөнінде алдын ала келісімдерге қол қойылған. Болашақта бұл көрсеткішті 620 МВт-қа дейін арттыру мүмкіндігі қарастырылуда.
Бұдан бөлек, Aleria, Energy Capital Global және China Energy компанияларымен қуаты 240 МВт болатын қосымша есептеу орталықтарын орналастыру жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бұл бағыттағы қуатты 420 МВт-қа дейін ұлғайту мүмкіндігі де талқылануда.
Осы жоспарлардың негізінде 2029 жылға қарай «Деректерді өңдеу орталықтары алқабының» жиынтық қуатын 1 ГВт деңгейіне жеткізу көзделіп отыр.
Кеңесте жобаны электр энергиясымен және инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелері де қаралды. Бұл бағыттағы жұмыстар туралы энергетика министрі Ерлан Ақкенженов пен Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов баяндады.
Сонымен қатар Қазақстанда үшінші суперкомпьютерлік кластерді құру жобасының жүзеге асырылу барысы талқыланды.
Кеңес қорытындысында Олжас Бектенов цифрлық инфрақұрылымды дамыту ел экономикасының технологиялық мүмкіндіктерін кеңейту үшін маңызды екенін атап өтті.
Премьер-министр Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне «Қазақтелеком» компаниясымен бірлесіп, деректерді өңдеу орталықтарының құрылысын белгіленген мерзімде аяқтауды және оларды уақытылы пайдалануға беруді тапсырды.

«ДӨО алқабы» жобасы Қазақстанда ірі есептеу инфрақұрылымын қалыптастыруға, жасанды интеллект технологияларын дамытуға, халықаралық инвестициялар тартуға және цифрлық қызметтер экспортын кеңейтуге бағытталған.