Иордания Королі Al-Farabi орденінің алғашқы иегері атанды
Фото: akorda.kz
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Иордания Королі II Абдалла бен әл-Хусейнді Al-Farabi орденімен марапаттады. Өз кезегінде Иордания монархы Мемлекет басшысына өз елінің жоғары мемлекеттік наградасы – al-Hussain ibn Ali орденін табыстады.
Марапаттау рәсімі 5 қарашада Иордания Королінің Қазақстанға ресми сапары аясында өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев II Абдалланың сапарын Қазақстан мен Иордания арасындағы стратегиялық серіктестіктің нығая түскенінің көрінісі деп бағалады.
Президенттің айтуынша, мемлекеттер арасындағы жоғары деңгейдегі саяси диалог екіжақты ынтымақтастықты дамытуға және ортақ бастамаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай қалыптастырып отыр.
Мемлекет басшысы Иорданияның халықаралық бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы қызметіне тоқталып, Король II Абдалланың өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға қосқан үлесін атап өтті.
Атап айтқанда, Президент Иордания Королі бастамашы болған «Ақаба процесінің» халықаралық қауіпсіздік мәселелерін талқылаудағы маңызын жоғары бағалады.

Фото: akorda.kz
6 қарашада Астанада Қазақстан мен Иордания бірлесіп осы бастама аясындағы кезекті саммитті өткізу жоспарланғанын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы ынтымақтастықтың соңғы жылдары жаңа бағыттарда дамып келе жатқанын атап өтті.
2025 жылы ұйымдастырылған өзара сапарлар саяси және экономикалық байланыстарды кеңейтуге ықпал еткен. Президент бұл қарқынды сақтап, екіжақты серіктестікті одан әрі нығайтуға ниетті екенін білдірді.

Фото: akorda.kz
Марапаттау рәсімінде Мемлекет басшысы Иордания Королі II Абдалланы Қазақстанның жақын досы деп атап, оған Al-Farabi орденін табыстады.
Бұл награда Шығыстың ұлы ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің құрметіне аталған. Президент ғұламаның ғылым, әдебиет және саяси ойдың қалыптасуына қосқан тарихи үлесіне тоқталды.
Оның айтуынша, әл-Фарабидің даналық, үйлесім және бірлік туралы идеялары қазақ және араб халықтарының ортақ мәдени мұрасының маңызды бөлігі саналады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Король II Абдалланың аталған орденнің алғашқы иегері атанғанына ерекше назар аударды.
– Аталған мәртебелі марапаттың алғашқы иегері болып отырсыз. Мұны тарихи уақиға деп санаймыз, – деді Президент.
Мемлекет басшысы бұл награданы Қазақстанның Иордания Короліне деген құрметінің және екі ел арасындағы достық байланыстардың белгісі ретінде қабылдауға шақырды.

Фото: akorda.kz
Өз кезегінде Король II Абдалла Қасым-Жомарт Тоқаевты Иордан Хашимит Корольдігінің жоғары мемлекеттік наградасы – al-Hussain ibn Ali орденімен марапаттады.
Президент көрсетілген құрмет үшін алғыс айтып, бұл марапатты екі халық арасындағы өзара сенім мен достықтың белгісі ретінде қабылдайтынын жеткізді.
Al-Hussain ibn Ali орденін 1949 жылы Иордания Королі I Абдалла бен әл-Хусейн тағайындаған. Награда оның әкесі, Мекке шарифі Хусейн бен Әлидің (1853–1931) құрметіне аталған.
Хусейн бен Әли Хашимиттер әулетінің көрнекті өкілдерінің бірі болған.
Екі мемлекет басшысының өзара жоғары наградалармен алмасуы Қазақстан мен Иордания арасындағы дипломатиялық байланыстардың және стратегиялық ынтымақтастықтың маңызын айқындайтын оқиға болды.