Алматыда Қазақстан репродуктивтік медицина қауымдастығының XVIII халықаралық конгресі басталды. Іс-шара елімізде экстракорпоралдық ұрықтандыру (ЭКҰ) әдісімен дүниеге келген алғашқы баланың 30 жылдығына арналды.

Халықаралық форумға әлемнің 25 елінен 1000-нан астам маман қатысуда. Конгресс барысында репродуктивтік медицинаның заманауи жетістіктері, жаңа технологиялар және бедеулікті емдеудің өзекті мәселелері талқыланады.

Қазақстанда ЭКҰ көмегімен алғашқы бала 1996 жылғы 31 шілдеде дүниеге келген. Содан бері елімізде қосалқы репродуктивтік технологиялардың көмегімен туған балалардың жалпы саны 50 мыңнан асты.

Форум қатысушыларына құттықтау жолдаған Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова репродуктивтік денсаулықты сақтау мемлекеттік денсаулық сақтау саясатының маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.

– Қазақстанда репродуктивтік денсаулықты сақтау мәселесіне адам өмірінің барлық кезеңінде ерекше назар аударылады. Бұл бағыт отбасын қолдаудан, репродуктивтік жүйе бұзылыстарының алдын алу мен емдеуден, жүктілікке дейінгі дайындықтан бастап, ана мен бала денсаулығын сақтау қызметін жетілдіруге дейінгі шараларды қамтиды, – деді министр.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қабылданған шаралардың нәтижесінде соңғы бес жылда ана өлімінің көрсеткіші төрт есе төмендеп, нәресте өлімі 30 пайызға азайған.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ЭКҰ бағдарламаларын қаржыландыру көлемі жеті есе ұлғайтылды.

2021–2025 жылдар аралығында «Аңсаған сәби» бағдарламасы шеңберінде шамамен 34 мың әйелге экстракорпоралдық ұрықтандыру процедурасы жасалған.

Нәтижесінде 13 мыңнан астам әйел жүктілік бойынша есепке алынып, 11 мыңнан астам сәби дүниеге келген.

Ақмарал Әлназарова бұл көрсеткіштердің артында ата-ана болу арманы орындалған мыңдаған отбасының тағдыры тұрғанын атап өтті.

– Бұл цифрлардың артында ана мен әке болу арманын жүзеге асырған мыңдаған отбасы тұр. Бұл – бірлескен жұмысымыздың ең маңызды нәтижесі. Осындай технологиялардың әрқайсысының артында көпжылдық ғылыми зерттеулер, ғалымдардың, эмбриологтардың, дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің қажырлы еңбегі жатыр, – деді ведомство басшысы.

Қазіргі уақытта Қазақстанда репродуктивтік медицина бағытында жұмыс істейтін 32 бейінді клиника бар. Бұл медициналық ұйымдар жыл сайын қосалқы репродуктивтік технологиялардың шамамен 18 мың циклін жүргізеді.

Халықаралық конгресс бағдарламасы репродуктивтік медицинадағы жаңа ғылыми және тәжірибелік бағыттарды қамтиды.

Атап айтқанда, мамандар жасанды интеллект технологияларын енгізу, имплантацияға дейінгі генетикалық скрининг жүргізу және онкофертильділік, яғни онкологиялық ауруларға шалдыққан пациенттердің репродуктивтік мүмкіндіктерін сақтау мәселелерін талқылайды.

Алматыдағы XVIII халықаралық конгресс түрлі елдердің мамандарына тәжірибе алмасуға, заманауи медициналық технологияларды талқылауға және репродуктивтік денсаулық сақтау саласындағы кәсіби ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді.