Алматы облысының 10 ірі кәсіпорны тоғыз айда бюджетке 395 млрд теңгеден астам салық төледі
2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Алматы облысындағы он ірі кәсіпорын мемлекеттік бюджетке 395,34 миллиард теңге салық аударды. Аталған компанияларда 6 871 адам жұмыс істейді, олардың 90 пайызы – өңір тұрғындары.
Облыстың ірі салық төлеушілері қатарында құрылыс материалдарын, сусындар, азық-түлік және басқа да өнеркәсіп өнімдерін өндіретін кәсіпорындар бар.
Бюджетке ең көп салық аударған компания – Іле ауданында орналасқан Philip Morris Kazakhstan. Кәсіпорын 2026 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында 163,04 миллиард теңге салық төлеген. Ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 183,62 миллиард теңгені құраған.
Екінші орында Өтеген батыр кентіндегі JTI Kazakhstan зауыты тұр. Компания биылғы тоғыз айда бюджетке 129,95 миллиард теңге аударды. Өткен жылы кәсіпорынның жылдық салық төлемі 167,55 миллиард теңге болған.
Үздік үштікті Қарасай ауданында орналасқан Coca-Cola Almaty Bottlers компаниясы түйіндейді. Сусын өндіруші кәсіпорын қаңтар–қыркүйек аралығында 62,31 миллиард теңге салық төледі. 2025 жылғы көрсеткіші 60,05 миллиард теңгені құраған.
Төртінші орында – Іле ауданының Байсерке ауылында орналасқан Galanz Bottlers акционерлік қоғамы. Компания тоғыз айда бюджетке 20,12 миллиард теңге аударған. Ал 2025 жылы бұл сома 10,5 миллиард теңге болған. Кәсіпорын 1998 жылдан бері алкогольсіз сусындар мен бөтелкедегі су өндірумен айналысады.
Бесінші орынға RG Brands Kazakhstan компаниясы жайғасты. Шырын, шай және басқа да азық-түлік өнімдерін өндіретін кәсіпорын биыл бюджетке 7,48 миллиард теңге салық төлеген. Өткен жылғы жылдық көрсеткіш 17,37 миллиард теңгені құрады.
Алтыншы орында Алатау қаласында орналасқан Knauf Gypsum Kapchagai зауыты тұр. Гипсокартон, құрғақ құрылыс қоспалары мен әрлеу материалдарын шығаратын кәсіпорын тоғыз айда 3,14 миллиард теңге салық аударған. 2025 жылы бұл көрсеткіш 3,87 миллиард теңге болған.
Жетінші орынды «Маревен Фуд Тянь-Шань» компаниясы иеленді. Алатау қаласындағы кәсіпорын тез дайындалатын кеспе, макарон, сорпа қоспалары мен тіскебасарлар өндіреді. Биылғы салық төлемі 3,1 миллиард теңгені, ал өткен жылғы көрсеткіш 3,5 миллиард теңгені құраған.
Сегізінші орында – Еңбекшіқазақ ауданының Есік қаласында орналасқан FoodMaster компаниясы. Сүт және қышқыл сүт өнімдерін өндіретін зауыт тоғыз айда бюджетке 2,4 миллиард теңге аударды. 2025 жылы кәсіпорын 2,6 миллиард теңге салық төлеген.
Тоғызыншы орынға Іле ауданындағы «Шин-Лайн» компаниясы жайғасты. Жылына 13 мың тоннадан астам балмұздақтың 140 түрін шығаратын кәсіпорын бюджетке 1,9 миллиард теңге салық аударған. Өткен жылғы көрсеткіш 2 миллиард теңгені құрады.
Үздік ондықты «БЕНТ» фирмасы түйіндейді. Іле ауданында орналасқан зауыт теміржол инфрақұрылымына арналған темірбетон шпалдары мен рельс бекітпелерін өндіреді. Кәсіпорын тоғыз айда 1,9 миллиард теңге салық төлеген. 2025 жылы бұл көрсеткіш 2 миллиард теңге болған.
Алматы облысының Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбол Рақымбаевтың айтуынша, өңірдегі ірі өндіріс орындары бюджет кірісін қалыптастырумен қатар, жергілікті халықты жұмыспен қамтуда маңызды рөл атқарады.
– Ірі кәсіпорындар өңір бюджетіне қомақты салық түсіріп, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып отыр. Сондықтан кәсіпорындардың өндірісті дамытуы және өнімдерін шетелге сатуы облыс экономикасы үшін маңызды, – деді Айбол Рақымбаев.
Басқарма басшысының мәліметінше, 2025 жылы аталған он кәсіпорын жалпы құны 1 148,504 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, мемлекеттік бюджетке 453,06 миллиард теңге салық аударған.
Олардың өнімдері Қазақстанның ішкі нарығымен қатар, Ресей, Тәжікстан, Беларусь, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан және басқа да мемлекеттерге экспортталады.
Жалпы, Алматы облысы 2026 жылы мемлекеттік бюджетке салықтар мен басқа да міндетті төлемдер есебінен 1,5 триллион теңге түсіруді жоспарлап отыр. Бұл өңір тарихындағы ең жоғары жоспарлы көрсеткіш саналады.
2025 жылы облыс алғаш рет бюджетке 1,1 триллион теңгеден астам түсім қамтамасыз еткен. Оның ішінде республикалық бюджетке 490,5 миллиард теңге, ал жергілікті бюджетке 628,6 миллиард теңге түскен.
Өңір билігі ірі кәсіпорындардың өндірістік әлеуетін дамыту, экспорт көлемін ұлғайту және жаңа жұмыс орындарын құру облыс экономикасының өсуіне ықпал ететінін атап өтті.